Вакциналарды араластырып салдыруға болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вакциналарды араластырып салдыруға болмайды

23.04.2021

Келер апта Спутник-V-мен қатар отандық QazVac  вакцинасы да қолданысқа өтеді. Алайда, таңдау әркімнің өз еркінде. Тек вакциналарды араластырып салдыруға болмайды. Одан пайда жоқ. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:
QazVac вакцинасы медициналық ұйымдарға 3 күннен кейін жеткізіле бастайды. Әзірге мамандар оны қолдану нұсқаулығымен танысып жатыр. Өйткені, екпені сақтау, салқындату режимі әртүрлі. Отандық вакцинаның 50 мың дозасы ғана шығарылды. Сондықтан, алдымен Спутник-V-ді алмаған қауіпті топтағы дәрігерлер, полицей, мұғалімдерге салынады. Қалған бөлігімен кез-келген қазақстандық қамьылады. Алайда мамандар екі түрлі екпені араластырып, салдыруға болмайды деп отыр. Мұндай жағдайда антидене қалыптаспайды.
Ләззат Ералиева, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
Жалпы вакциналарды қатар алып, араластырудың еш мәні де, пайдасы да жоқ екенін түсінуіміз керек. Себебі QazVac пен Спутник-V вакциналары технологиясы бойынша бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бір вакцинаның толық компонентін аяқтау керек. Сондықтан бір вакцинаның толық курсын аяқтау керек. Сонда ғана ағзада вирусқа қарсы қалқан пайда болады.

Созылмалы ауруы бар, бірақ кері әсері жоқ адамдар да вакцина алып жатыр. Олардың саны 32 мыңнан асты. Ал ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін 10-11 млн адам вакцина алуы керек. Бірақ, балалар мен жүкті әйелдерге екпе салынбайтынын мамандар тағы еске салды. Жүктілікті жоспарлап жүрген келіншектерге кемінде 2 ай бұрын вакцина қабылдау керек.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
Еріктілердің арасында жүкті әйелдердің болмауына байланысты олардың ағзасында вакцина қалай жүретіні туралы ғылыми мәліметіміз жоқ. Осыған байланысты осындай шешім қабылданып отыр. Осыған байланысты тағы да айтып өтетінім вакцинациядан кейін 2 айдан кейін жүктілікті жоспарлай беруге болады.

Жалпы, бүгінге дейін елде коронавирусқа қарсы Спутник-V вакцинасын қабылдағандар саны 823 мыңнан асты. 

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу