Түркістан облысындағы өркениеттен тыс қалған ауыл жұрты көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы өркениеттен тыс қалған ауыл жұрты көмек сұрайды

23.04.2021

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Аққойлы елді мекені әлі күнге өркениет игіліктерін көре алмай келеді. Жергілікті биліктің назарынан қалыс, даму жоспарынан қағыс қалған ауылда тас жол, таза су мен табиғи газ атымен жоқ. Ал қабырғасы қаланып қойған фельдшерлік акушерлік пункт бүгінде, «сақалды» құрылысқа айналған. Мектеп жасындағы балалардың ересегі көрші ауылға жаяулап барып оқыса, кішілері осыдан 60 жыл бұрын салынған ескі әрі тар ғимаратта білім алуға мәжбүр. 

Елу жылда ел жаңарды. Аққойлыда өзгермеген мектеп пен күміс қоңырау ғана. Аядай тар ғимараттың жалпы аумағы 100 шаршы метрге де жетпейді. Осында екі ауысыммен бастауыштың 4 сыныбы білім алады. Төбесі фанер, қабырғасы қамыстан.  

Әмзебек Әуенұлы, ауыл тұрғыны:
Қазір осы ілдәлап қарап тұрған соң әжептәуір боп тұр. Әйтпесе қаттырақ бір тепсең өтіп кетеді ішіне. Баяғы финский ғой. Қамыстан соққан.
 Әбдімүтәліп Сыздықов, ауыл тұрғыны:
 Ақыраста үшінші рет мектеп салынды. Бізге әлі салынған жоқ. 

Ауыл боп іргесі бекігелі мұндағы жұрт құдық суымен өзегін жалғап келеді. Дәмі тұзды, құрамы құмды болғанымен амалсыз ішеді. 

Алтынай Балтабаева, ауыл тұрғыны:
Кәдімгі су тартқан шелегіңнің түбіне құм тұнып қалады. Шәйнегімізді ішіп болған соң аударып қоймасақ тас тұрып қалады. Құмнан қорқамыз. Іші органдарға тас жиналып жатыр. 

Аудан мен ауылға жаңадан әкім келгенде Аққойлыға арнайы келіп, уәдені үйіп-төгіп кетеді. Соған иланып келе жатқанымызға да ширек ғасырдан асты дейді тұрғындар. Елді мекенге 100 орындық жаңа мектеп салу жоспарланып, оның құжаттары 2017 жылы рәсімделіп біткен.Іс басталатын емес. Ауыз су жүйесін тарту да солай. Құжаты дайын. Қаржы жоқ. 

Марат Қаржауов, Шұбар ауылдық округі әкімінің орынбасары:
Оның да уақыты белгісіз. Қалай қаржы бөлінеді, солай құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтіп отырмыз. 

Ауылдағы фельдшерлік акушерлік пункттің құрылысы да аяқсыз қалды. Бітпей жатып тозып барады. Былтыр көктемдегі қатты жел шатырының жартысын жұлып әкетті. Ал жоспар бойынша нысан былтыр тапсырылуы керек еді. 

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу