Отандық вакцина аймақтарға жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық вакцина аймақтарға жөнелтілді

22.04.2021

Жамбыл облысында жасалған «QazCovid-in» вакцинасының алғашқы легі бүгін ел аймақтарына жіберілді. «QazVac» сауда маркасымен шығарылған Коронавирусқа қарсы қазақстандық екпе бір жылға жетер-жетпес уақытта отандық зертхана базасында жасалды. Тарихи сәтке Премьер министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен отандық ғалымдар куә болды.

Көпшілік алдында таныстырылған отандық вакцина Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтының базасында жасалды. Қауіпсіздігі толық дәлелденген. Ералы Тоғжанов Ұлттық жобаны қысқа уақытта жүзеге асырып басын бәске тіккен ғалымдарға алғыс білдірді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы. Қысқа уақыттың ішінде вакцина да шығарылды. Ғалымдарымыз қысқа уақыттың ішінде өзіміздің вакцинаны шығарды. Болашақта ешкімге жалтақтамай өзіміздің халықты өзіміз қамтамасыз ететін жағдайға келе жатырмыз.

Жаңа екпе арнайы хабтарға үш тәулік ішінде жеткізілмек. Бүгін Қордайдан 50 мың доза вакцина 4 жүк көлігімен жөнелтілді.

Сәбит Әлдебай, тілші:
Мінекей мемлекет межелеген міндет тоғыз айда орындалып, отандық вакцинаның алғашқы легі жолға шыққалы жатыр. Біз де тарихи сәтке куә болып отырмыз. Алғашқы елу мың доза еліміздің төрт өңіріне жөнелтілетін болады. Келер аптадан бастап қазақстандықтар осы отандық вакцинаны салдыруды бастайды.

Вакцина Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе сияқты ірі қалаларға жөнелтілді. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылады.«QazVac» вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СК-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілмек.

Күнсұлу Закария,    ҚР БҒМ ҒК биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас директоры:
Бес түрлі вакцинаның арасында алғаш шыққан бұл инактивтелген яғни өлтірілген вакцина. Бұл өлтірілген вирустан жасалған.  Вакцинациядан өткен организмді ауруға шалдықпайды. Оның ішінде ол өспейді. Әсер етпейді. Сондықтан да оны біз клиникалық зерттеулерден өткізген кезде жоғары иммунагенді және толық қауіпсіздік көрсеткіштерді дәлелдеп отырмыз.

Вице-Премьер бұдан кейін биофармацевтикалық зауытты аралап шықты. Қазір құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары аяқталды. Технологиялық құрал-жабдықтар үздік деген 7 мемлекеттен жеткізілген. Жоспар бойынша зауыт қабырғасында вакцина құюдың алғашқы кезеңі күз айларында жүзеге асады.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу