Президент Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысын өткізді

21.04.2021

Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, халықтың соттарға сенімін күшейтуі тиіс. Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформа Қазақстанның заманауи және тиімді мемлекетке трансформациялануына бағытталған жұмыстардың басын біріктіретін маңызды реформа екенін атап өтті. Сондықтан бұл процесс сотқа жаңа кәсіби мамандарды тартуға ынталандыруы, сот процестерінің тиімділігі мен қолайлылығын арттыруы қажет,- деді. Сондай-ақ прокурорлар мен адвокаттардың сотта сөз жарыс жүргізуіне шынайы жағдай жасалуы, сот шешімдеріне шағымдану мүмкіндіктерінің кеңейтілуі, бірыңғай сот практикасы қамтамасыз етілуі тиіс. Жиында бұдан бөлек тағы 4 мәселе талқыланды. Олар: Ұлттық жобаларды әзірлеу жұмыстары,  «Цифрлық Қазақстан» ұлттық жобасының трансформациясы, агроөнеркәсіп кешенін 2026 жылға дейін дамытудың ұлттық жоспары. Мемлекет басшысы әр баяндама бойынша ескерту айтып, нақты тапсырма берді. Нақтырақ айтсақ, Президент ұлттық жобалар күрделі және бірін-бірі қайталамауы қажет екеніне баса назар аударды. Олар еліміздің негізгі міндеттерін шешіп қана қоймай, «дәл қазір» деген қағидат бойынша жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ жобаларды іріктеудің нақты әдістемелік базасы болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ол қандайда бір ұлттық жобаның кешенді әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеруі қажет, құжат түсінікті болуы тиіс. Субъективтілікке жол берілмейді. Ұлттық жобалар барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіліп, бюджеттен қаржыландыру кезінде сөзсіз басымдыққа ие болуы тиіс. Сондай-ақ ұлттық жобалардың міндеттері бір-бірінде қайталанбауы тиіс. Мысалы, бәсекеге қабілетті экономика, кәсіпкерлікті дамыту экономикасы, бәсекеге қабілеттікпен қамтамасыз ету деген бар. Қайта қараған кезде осы ескертулерімді елеңіздер. Ал «жаңадан» реттеу тетіктеріне келсек, елге қуатты, бәсекеге қабілетті жеке бизнес керек. Ол ұлттық экономиканың және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі болуға тиіс. Заң жобасына енгізілетін нормалар нақты жұмыс істеуі керек. Реформалардың мәні мен маңызын қашыратын мүдделер қайшылығына жол бермеу қажет.

Сондай-ақ Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2026 жылға дейінгі ұлттық жобасына қатысты да тапсырмалар берді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжаттың ауқымдылығын атап өтіп, оған саланың бүкіл бағыттары енгізілгенін жеткізді. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың базалық тәсілдерін президент қолдап отыр, дегенмен, Үкіметке жобаны тағы бір пысықтау тапсырды. Ал «Цифрлық Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша Бағдат Мусиннің жаңалықтар енгізу туралы ұсынысын Мемлекет басшысы оң бағалады. Президент цифрлық саланы дамыту тұжырымдамасындағы ұсыныстарды және «DigitEL» ұлттық жобасын мақұлдады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестициялық дауларды шешу мәселесін қозғады. Осы ретте Үкіметке биылғы жылдың 1 тамызына дейін Сэр Сума Чакрабартидің баяндамасында айтылған мәселелерді жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Альбина Әшім


Президент жоғарғы кеңес

Хабарламаларға жазылу