Бүгін Алматыда тікұшақ апатқа ұшырап, бортында болған ұшқыш қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, тікұшақ Боралдайдан Үлкен Алматы көліне бағыт алған. Бірақ, жарты жолда құлап, адам өмірі қиылды.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
- Қайғылы оқиға бүгін сағат төрттер шамасында міне, осы «Алатау» сауықтыру кешенінің ішінде болған. Ұшақ ашық алаңқайға құлаған. Бірақ, апаттың нақты себептері әзірге белгісіз. Ал, оның қалай болғанын әлі ашып айтқан жоқ. Қазір журналистердің оқиға орнына жақындап баруына рұқсат жоқ. Ішке кіргізбей жатыр. Күзетшілердің айтуынша, «Алатау» сауықтыру кешені бір жылдан бері күделі жөндеу жұмыстарына жабық тұр екен.
Жеке иеліктегі «Еврокопетр-130» маркалы тікұшағының бортында 1968 жылы туған ұшқыш Шитов Валентин Викторович болған. Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, ол ауруханаға жетпей көз жұмған.
Нұрсұлтан Нұрахметов, Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:
- Түкұшақта 1968 жылғы ұшқыш болатын. Ол жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Тікұшақтың бортында ұшқыш жалғыз болған. Құлаған жері ашық аумақ болған. Ғимаратқа тиген жоқ.
Қазір оқиға орны қоршауға алынып, арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік апаттарын тергеу департаменті оқиғаны тергеуді бастады. Апаттың нақты себептері алдағы күндері белгілі болады.
Амангелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.