Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданындағы елді-мекендердің көбінде мал бағатын жайылым жоқ. Өйткені кейбір ауылдардың іргесіне дейін жер тегіс заңсыз рәсімделіп кеткен. Салдарынан халық қорадағы азын-аулақ түлігін жаятын өріс таппай қиналып отыр. Олқылықтың орнын толтыруға жергілікті биліктің де асығатын түрі жоқ. Әкімшіліктің табалдырығын тоздырып, әбден шаршаған жұрт Ұлттық арна тілшілеріне жүгінді.
Ержан Жақып, тілші:
Ақши ауылында 150-ден астам отбасы тұрады. Дені азын-аулақ мал өсіріп күн көріп отырғандар. Қазір сол жұрт далаға малын шығара алмай қалған. Өйткені, ауылдың дәл іргесіндегі жердің бәрін, елді-мекеннің бұрынғы әкімі таныс-тамырына, туыстарына рәсімдеп берген.
Ақши ауылының байырғы тұрғыны Түсіпхан Жомартов ауыл халқы жердің тарлығын айтып та, жазып та шаршады, дейді. Мәселенің реттелетіндігінен күдер үзген. Ірі шаруашылықтарға да елді мекеннің дәл іргесіне дейін учаске таратып берген. Қазір қолдағы ұсақ-түйек малдың өзін маңайда жаятын жер қалмаған.
Аудан орталығынан 200 шақырым шалғайдағы Байқошқар ауылы тұрғындарының да көргені осы. Әлдекімдер іргедегі жайылымның барлығын рәсімдеп алғанда бірақ білген. Амалсыз қой мен сиырды қораға қамап отырмыз-дейді.
Перімхан Құлқаев, Байқошқар ауылының тұрғыны:
Аягөзге бірнеше рет келдік. Әкімге де жолықтық. Жер бөліміне де жолықтық. Басқа ештеңе талап етіп отырған жоқ ауыл. Тек жерді қайтарып берсе болды.
Ал аудандық әкімдіктегілер әзірге бұл мәселені реттеуге қауқарсыз. Өйткені жерге иелік етіп отырған шаруашылықтарды мораторийге байланысты тексере алмайды. Бірақ жер телімдерін бөлгенде міндетті түрде малы көптің мүддесі қорғалатынын жасырмады.
Райхан Шаукенова, Аягөз аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:
Мысалы бір жерге бірнеше адам түседі. Қосымша оның әкелетін инвестициясы да есептеледі. Үлкен инвесторлар техникаларымен келеді. Мал әкеледі. Жүз бастан сиыр, жылқы әкеледі. Мың бастан қой әкеледі. Егер ол біздің даламызды малға толтырса, оған неге жер бермеске.
Жергілікті халықтың аудандық жер комиссиясының жұмысына көңілдері толмайды. Өйткені, ашықтық жоқ-дейді. Бұлай жалғаса берсе, онсыз да күйі қашқан ауылдардан, қалаға сабылатындардың саны артпаса, азаймасы анық.
Ержан Жақып