«Арселор Миттал» 4 жылда зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар «Арселор Миттал» 4 жылда зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтпақ

«Арселор Миттал» 4 жылда зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтпақ

«Арселор Миттал» ауаға шығаратын зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтуға уәде берді. Бірақ, ол үшін экология министрлігінен 4 жыл уақыт сұрап отыр. Ал, жұмыс қалай жүргізіледі? Кәсіпорынның жоспары қандай? Тілшіміз тарқатады.

Аманкелді Сейтхан, тілші:
Бүгінде Теміртау елдегі ауасы ең лас қалалардың бірі. Өңірдегі экологиялық проблемаға басты себеп - «Арселор Миттал» металлургиялық кешені. Зауыт жылына 230 мың тоннадан астам зиянды заттар шығарады.

Бұл нормадан 4 есе көп. Компания соңғы 5 жылда қанша уәде берсе де, табиғатқа келтіріп жатқан залалын 0,08 пайызға ғана азайтқан.

 Шыңғыс Лепсібаев, эколог: 
Қазақстанда экологиялық нормалар Еуропа елдерінен әлдеқайда төмен. Соның өзінен бұл компания 4 есе асып отыр. Қалада 180 мыңдай адам тұрады. Солардың денсаулығына қаншама зиян келтіріп отыр.

Өндірістің талапқа сай емес екенін жыл басында экология министрлігі сынға алған. 50-ші жылдары салынған құбырларға автоматты мониторинг енгізіп зауытты жаңғыртуды тапсырған. Үш ай уақыт сұраған кәсіпорын басшылығы бүгін жоспарын айтты.

Биджу Наир, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры: 
Қазір өндірістерді толық табиғи газға көшіру көзделіп отыр. Бұл зиянды қалдықтарды 60 мың тоннаға, яғни 31 пайызға азайтады. Сондай-ақ, алдағы 5 жылда 500 мың түп ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз.

Компания осы шараларды іске асыру үшін 380 миллион доллар инвестиция құймақ. Бірақ, осыған дейін де қағаз жүзінде қаншама есеп берілгенін министр еске салды.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Жақында біз тексеру жүргіздік. Сол жұмыстың нәтижесінде 1 млрд теңге айыппұл біз салдық осы компанияға. Екіншіден, мына бүгін концепция тек қағаз және сөз жүзінде қалмас үшін осы жұмысты жіті қадағалайтын боламыз. 

Айтылған уәделер уақытылы орындалмаса, компанияға жыл сайын жұмыс істеуге берілетін рұқсат кері қайтарылуы мүмкін.

Аманкелді Сейтхан

Бөлісу