Асқар Мамин екпе егу жұмыстарын күшейтуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин екпе егу жұмыстарын күшейтуді тапсырды

20.04.2021

Өңірлерде коронавирусқа қарсы екпе егу жұмыстарын шұғыл күшейту қажет. Бүгін Үкімет отырсында Премьер-Министр осындай тапсырма берді. Өйткені елдегі эпиджағдай оңалмай тұр. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша ауруханалардағы орынның жартысына жуығы бос емес. Жүздеген адам жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал санитарлық талаптардың сақталуын қадағалауы тиіс мобильдік топтардың жұмысына қатысты күмән көп.

Індет дендеп барады. Әсіресе оқушылар арасында. Төртінші тоқсанда төрт мыңға жуық ұл-қыз коронавирус жұқтырған. Ал ауруханалардағы орынның жартысына жуығы толған. Емделіп жатқан 14 мың адамның 700-ге жуығы жан сақтау бөлімінде. Аурудың алдын алуы тиіс екпенің өзін кей өңірлер кешіктіріп жатыр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Өңірлерде вакцинаның 180 мың дозасы бар. Қазір екпе тәулігіне 7 мың адамға салынып жатыр. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау және Қарағанды облыстарында қарқын өте төмен. Қазіргі ахуал сақталса сәуір айының соңына қарай тәуліне 3-4 мың адамға дейін коронавирус жұқтыруы мүмкін.

Жұқтыру демекші, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 221 елдің ішінде 110-орында. Ал індеттен көз жұмғандардың саны бойынша 107-сатыда. Эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін санитарлық талап сақталуы керек. Бірақ соны тексеріп, қадағалайтын мобильдік топтардың жұмысы ақсап тұр. Тіпті олар кәсіпкерлерден пара талап ететіні жайлы депутаттар айтқан еді. Ал бүгін вице-премьер көрсеткіші күмәнді өңірлерді атады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Атырау облысында 30 объектіге жүргізілген тексеріс кезінде небәрі 123 бұзушылық тіркелген. БҚО-да 17 мың объектінің 47-сінде ғана бұзушылық анықталған. Маңғыстау облысында рейдпен қамтылған 6,5 мың объектінің 18-інде ғана бұзушылық фактілері тіркелген.

Жыл басынан бері 400 мыңнан астам нысан тексеріліп, 12 мың ереже бұзушылық анықталды. Басым бөлігі мейрамханалар мен түңгі клубтар. Шектеу уақытынан тыс жұмыс істеумен қатар тойлар толастамай тұр дейді Тоғжанов. Премьер-Министр бұған жол бермеу үшін мобильдік топтардың жұмысын жандандырып, халықты екпемен қамтуды арттыру керек деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Сәуір айының соңына дейін және ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жоспарын нақты орындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдіктер сапалы медициналық көмек көрсетілуін, медицина ұйымдарының қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуін үнемі мониторингтеп тұрсын.

Шалғай елді мекендер де вакцинадан құр қалмауы керек. Ол үшін жылжымалы кешендер пайдаланылмақ. Денсаулық сақтау министрлігі осы арқылы 2,5 миллион адамды медициналық көмекпен қамтимыз деп отыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу