Мемлекет басшысы Татарстан Президентімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Татарстан Президентімен кездесті

19.04.2021

Қазақ-татар қарым-қатынастарын дамыту мәселесі Ақордада талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарсанның Президенті Рустам Миннихановпен кездесті. Әңгіме өзегі қос ел арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, энергетикалық кооперацияларды одан әрі нығайту, сондай-ақ, коронавирус пандемиясымен бірлесіп күресу болды. Татарстанмен ынтымақтастық Қазақстан үшін Ресеймен арадағы кешенді іс-қимылдардың ішіндегі ең маңыздысы болып саналады. Сондықтан барлық бағыттағы серіктестікті дамытудың мәні зор. Мәдени-гуманитарлық байланыс та беки түспек. Қазақ басшысы Нұр-Сұлтан қаласынан татар халқының көрнекті өкілі, айтулы ақын Ғабдолла Тоқайдың атына бір көше берілетінін мәлімдеді. Ал Татарстан Президенті Қазақстанға жасаған кезекті сапарының сәтті аяқталғанына риза. Айта өтсек, жақында ғана Рустам Минниханов Қарағанды облысында болып, сол сапар кезінде Саран қаласында дөңгелек шығаратын зауыт іске қосылған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз бұл кәсіпорынға үлкен үміт артып отырмыз. Қазақстандықтардың үлкен бір тобына Татарстанда білім алуға мүмкіндік жасағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен мұны бұдан кейін де жалғасы болатын нақты жоба деп білемін. Біздің нарықта «Татнефть» компаниясынан басқа, «КамАЗ» кәсіпорнымен бірлескен жобаларымыз да бар. Біз татар мәдениетін өте жақсы білеміз және құрметтейміз. Сіздердің мәдениеттеріңіз біздің елде кеңінен танымал. Таяу уақытта, пандемия біткеннен кейін Қазақстанда Татарстан мәдениеті мен өнерінің күндерін өткізуге келісеміз деп ойлаймын.
 Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының Президенті:
Ресей-Қазақстан қарым-қатынастары аясында Татарстан көптеген жобаларды іске асырып жатыр. Екіжақты байланыстардың іргетасы берік. Біздің Тұңғыш Президентіміз Минтемір Шарипович Шаймиев Сізге дұғай сәлем айтып жатыр. Оның Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысының арқасында өзара қарым-қатынасымыздың негізі мықты қаланған. Сондай-ақ, құрметті Президент мырза, сізге де ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл жерде татар диаспорасының өкілдері аз емес. Олармен байланысымыз үзілмей, Татарстанның мәдени күндерін, сабантой сияқты түрлі шаралар өткізіп тұруға мүмкіндік жасадыңыздар.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу