Індеттің беті қайтар емес. Маңғыстауда бүгіннен бастап 9 бен 11-сыныптардан басқалары қайтадан қашықтан оқуға көшті. Ал, Атыраудағы емдеу мекемелерінде бос орын жоқ. Қызылорда мен Жамбыл облыстарында да шектеу шаралары күшейді.
Ақтөбелік дәрігерлер індет жасарып барады деп дабыл қағып отыр. Өңірде пандемия басталғалы 14 жасқа дейінгі 600-ге жуықбала вирусқа шалдыққан. Ал, науқастанғандардың орташа жасы 30 бен 39 аралығында. Өңірде КВИ жұқтырғандардың жалпы саны 8 мыңға таяды. 5 мыңға жуық адам үй карантинінде. Облыс бойынша өткен тәулікте барлығы 206 адамнан вирус анықталды.
Атырауда соңғы 4 күнде 500-ге жуық адам ковид жұқтырды. Ал, бүгін 110 тұрғыннан инфекция анықталды. Қаладағы емдеу мекемелері науқастарға толған. Қосымша 75 орынға арналған инфекциялық стационар ашылды. Емдеу мекемелерінде 600-ге тарта тұрғын жатыр. Індет күш алған соң, вакцина салдырып, сақтанып жатқандар көбейді. Бүгінге дейін 14 700 адам екпе алды.
Қызылорда облысында эпидахуалдың нашарлауына байланысты мектептердің 70 пайызы онлайн оқуға көшті. Қазір санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 9 және 11-сынып оқушылары дәстүрлі форматта білім алуда. Жалпы соңғы үш тәулікте аймақта вирус жұқтырғандар саны 140-тан асты. Індет өрши берсе, облыс «қызыл аймаққа» өтуі мүмкін. Жыл басынан бері 14жасқа дейінгі 200-ге жуық баладан ковид анықталған.
Жамбыл облысында да карантин талаптары күшейтілді. Көпшілік жиналатын нысандардың жұмысына тыйым салынды. Бүгіннен бастап ойын алаңдары мен аттракциондар қызметіне рұқсат жоқ. Көрермендердің қатысуымен спорттық шаралар мен жиын-той өткізуге де болмайды. Ал, медициналық орталықтар мен қоғамдық көліктерге қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Жақсыбек Кемал