Павлодар облысындағы Шарбақты ауданында қарағайлы орман кешеден бері жанып жатыр. Алдын ала болжамға қарағанда, өрт адамдардың салғырттығынан шығуы мүмкін. Қырдағы шөп жанып, қатты желдің әсерінен қарағайлы орманға тиген. «Ертіс орманы» резерваты тілсіз жауды тоқтата алмаған соң, Шарбақты ауданы және облыс орталығынан өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Қазіргі ақпарат бойынша 1200 гектар жер отқа оранған. Айналадағы елді мекендер мен тұрғындар тегіс аман.
Руслан Төлепбаев, Орман және жануарлар әлемін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы:
Оның ішінде мемлекеттік орман қорының жерлері 300 гектар. Оның ішінде орманмен көмкерілген аумақ 30 гектар. Сол 30 гектардың ішіндегі жоғары жақпен өткен өрттің көлемі 1,5 гектар. Өрттенген ағаштардың бәрі қарағай.
Қарағайлы орман аумағы қазір арнайы құрылған штабтың бақылауында. Өртті сөндіруге жұмылдырған техника әзірге кері қайтарылмайды. Себебі қатты желден бықсып жатқан қоламта қайта тұтануы мүмкін. Арнайы қызметкерлерден бөлек 200 ден аса ерікті өртті ауыздықтауға көмектесіп жатыр.
Болат Аманбаев