Қызылордада 3 бала тілсіз жаудың құрбаны болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада 3 бала тілсіз жаудың құрбаны болды

10.01.2019

Қала іргесіндегі Наурыз саяжайында тұрғын үй өртеніп, бір отбасының үш бүлдіршіні қайтыс болды. Өрт сөндірушілер хабарлама түсе сала оқиға орнына жеткен, бірақ, өкінішке қарай, балақайларды аман алып қала алмады.

Оқиға кешкі апақ-сапақта болған. Үйдің кіреберісі өртенген. 10 минутта от өшірілді. Бірақ, балаларды құтқарып қалу мүмкін болмады. Олардың үлкені 2-сынып оқушысы, одан кейінгісі мектеп алды даярлық тобына барып жүрген. Ал, кішкентайы 4 жаста. Екеуі сол жерде, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша, үшеуіне де қатты иіс тиген.

Асқар Төлешов, облыстық Төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары:

- Көршілері көмекке келіп, терезені сындырып, үш баланы алып шыққан. Балалар үйінде өздері болған. Өрт кезінде өрт сөндіру қызметкерлері үйдің ішінен 50 литрлік газ баллонын алып шықты.

Ал , балаларды құтқармақ болған екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Раушан Бақтыберлі, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Біреуі үйге шығарылды, ем-дом көрсетіліп, біреуі қазіргі таңда облыстық медициналық орталықтың терапия бөлімінде ем қабылдауда. Жағдайы - орташа ауырлықта.

Арнайы техникалық сараптама қорытындысы 10 күннен кейін шығады. «Бірақ, үйден шығарылған газ баллонының оқиғаға қатысы жоқ», дейді мамандар. Үй пешпен жылытылады. Себебі, қаланың бұл бөлігі әлі табиғи газ жүйесіне қосылмаған. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. От пештен тұтанды ма? Әлде басқа себеп бар ма? Балалар неге үйде жалғыз болған? Бұл сұрақтарға жауап сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары аяқталған соң ғана белгілі болады. Зардап шеккен отбасына жергілікті билік тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. Жалпы, өңірде жыл басынан бері, яғни, 10 күннің ішінде 15 өрт оқиғасы тіркелген.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу