«Елорда жастары» бағдарламасына кімдер қатыса алады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Елорда жастары» бағдарламасына кімдер қатыса алады?

14.04.2021

Ірі қалаларда ғана емес, аудан-ауылдарда да тұрғын үй салынады. Ол үшін алдағы бес жылда мыңдаған жер учаскесі берілмек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі құрылысты субсидиялау үшін 14 миллиард теңге бөлінеді деді.

Президент тұрғын үйді Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де салуды тапсырған. Сол үшін 2025 жылға дейін шағын қалаларда 125 мың, ауыл-аудандарда 110 мың жер телімі бөлінбек. Үй ең алдымен мұғалім мен дәрігерге салынады.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі:
Жергілікті әкімдіктер сол тізімді бізге береді. Біз сол жобаларды тексергеннен кейін рұқсат береміз. Содан кейін ауылдағы жұмыс берушілер үй салғаннан кейін оның 50 пайызын субсидиялап, біз қайтарып береміз мемлекет тарапынан.

Құрылысты субсидиялау үшін 14 млрд теңге бөлінбек. Бұл жұрттың жаппай ірі қалаларға ағылуын тоқтатпақ. Өйткені мұнда да пәтерін күткендер көп. Қазір 560 мың адам кезекте тұр. Биыл оларға «Нұрлы жер» арқылы 17 миллион шаршы метр пәтер беріледі. Бұл барлығына жетпейді. Сондықтан кезегі келмегендерге үй жалдап тұру үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді.

Десе де субсидияны алудың талабы бар. Пәтер кезегінде тұру керек және отбасының жан басына шаққандағы табысы 34 мың теңгеден аспауы тиіс. Субсидия көлемі Елордада 90 мың өзге аймақтарда 60 мың теңге. Ал табысы 34 мың теңгеден жоғары отбасылар «2-10-20», «5-10-20» секілді бағдарламаларға қатыса алады.

Жас мамандарды да қолдау жалғасады. Бүгін «Отбасы банк» өкілдері жақында басталатын «Елорда жастары» бағдарламасына кімдердің қатыса алатынын айтты.

Жансұлтан Матаев, «Отбасы банкі» АҚ орталық филиалының директоры: 
Оның ішінде денсаулық сақтау саласының жастары, білім беру саласының, мәдениет, спорт және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік сала өкілдерін қолдау қарастырылған.
Досжан Маратұлы, тілші: 
Жасы 35-ке дейінгі қыз-жігіттерді қолдайтын мұндай бағдарлама өзге өңірлерде де қолға алынбақ. Сондай-ақ вице-министр мен Отбасы банк өкілдері тоқтаусыз өсіп жатқан баспана құнына қатысты болжам жасады. Айтуларынша, баға мамырда өсуін тоқтатып, маусым-шілдеде тұрақталады. Тіпті, сәл арзандап, бұрынғы қалпына оралуы да ықтимал.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу