Маңғыстауда тауық жұмыртқасының шекті бағасы бекітілді. Бұдан былай 10 данасы - 453 теңге тұрады. Ал, одан қымбат сатқан кәсіпкерге 300 мың теңге айыппұл салынады. Естеріңізге сала кетсек, жыл басында облыста жұмыртқаның бағасы күрт өсіп, 540 теңгеге дейін жетті. Тіпті, Ақтауда әр адамға 10 данадан ғана сатылды.
Өңірде жұмыртқа былтырғы жылдың соңына таман қымбаттай бастады. Бір жағынан құс тұмауы, екінші жағынан қыстағы бағаның маусымдық көтерілуі себеп болды. Салдарынан жыл басында жұмыртқаның бағасы шарықтап кетті.
Нафиса Юсупова, Ақтау қаласының тұрғыны:
Өткенде 500-дің үстіне 500-ден асып кетті. Жұмыртқаның бағасы. Бүгін келсем 440 теңге болып тұр. Алып жатырмын.
Шекті баға бүгін ғана бекітілді. Енді 3 ай қатарынан сақталады. Бағаны қымбаттатқандар анықталса, 300 мың теңге айыппұл төлейді. Ал, қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 2 есе өседі. Қазір өңірде соңғы 3 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты. Бұл - бағаны өсірмеу жөнінде жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер арасындағы меморандумның нәтижесі.
Жанна Тоқбаева, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы күрт өсіп кетпеу мақсатында, Маңғыстау облысы әкімінің 9 сәуірдегі қаулысына сәйкес, тауық жұмыртқасының 1-ші санаты 10 данасына шекті бөлшек бағасы бекітілді. 453 теңге көлемінде. Қазіргі таңда бұл тауардың бағасында өсім жоқ, тұрақты.
Ал, Солтүстік Қазақстанда құс фабрикалары өзара келісіп, жұмыртқа бағасын қымбаттатқан. Құзырлы орган тарапынан оларға бәсекелестік талаптарын бұзғаны үшін, ескерту берілді. Нәтижесінде жұмыртқаның бағасы 5-10 теңгеге арзандады.
Аягөз Оралбайқызы