Қарағандыда мүгедектер шипажайда емделу мүмкіндігінен қағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда мүгедектер шипажайда емделу мүмкіндігінен қағылды

13.04.2021

Қарағандылық мүмкіндігі шектеулі жандар жыл сайынғы шипажайға берілетін жолдаманы алудың жаңа тәртібіне наразы. Енді мүгедектер ем алу үшін портал арқылы демалыс орындарымен келісіп, оған өздері баруы керек. Бұрын соңды мұны әлеуметтік қызметкерлер ұйымдастырып, барлығын топтастырып арнайы көлікпен апарып отырған. Әрі биылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарды жақындары немесе көмекшілері ертіп баруына болады. Бірақ олардың жолға және шипажайға кететін шығынын өздері өтеуге міндетті. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтап көрді.

1-ші топтағы мүгедек Николайды былтыр шипажайға әлеуметтік қызметкерлер арнайы автобуспен апарған. Ал биыл портал арқылы оңалту орынын өздері таңдады. Енді баланы ата-анасы немесе көмекшісі апаруы тиіс. Ол үшін жол шығыны мен шипажайға төленетін қаражатты өздері көтеруі керек.

Татьяна Шинкоренко, қала тұрғыны:
Менде ондай қаражат жоқ. Жұмысымнан алатын жалақым 65 мың теңге. Қайтіп жеткіземін. Енді әлеуметтік қызметкерлер хабарласып жатыр. Бармайтын болсаңыздар бас тартыңыздар, өзге кезекте тұрғандар бар дейді.

Осылайша әлеуметтік қызметкерге немесе қасына еріп баратын адамға беретін қаражаты болмағандықтан қаншама мүгедек жыл сайынғы жолдамадан қағылып жатыр. Тіпті бір отбасынан бірнеше адам шипажайға бара алмай отыр.

Қарлығаш Әбілқасенова, қала тұрғыны:
Біздің үйде үш мүгедек бар 1 топтағы. Үшеуміз қалай барамыз.  Біздің жәрдемақы 65 мың теңге ғана. 

Мүгедектер қоғамының белсенділері бұл мәселені жергілікті билікке де жеткізген. Алайда мәселе әлі шешілмей отыр.

Ермек Нуксуев, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
Облыс әкімі қала әкіміне 1-ші топтағы мүгедектердің көмекшілеріне шипажайға бірге баруы үшін компенсация қарастыру туралы тапсырма берді. Қазір оны орындаудың жолдары қаралуда. Заң аясында құқықтық-нормативтік өзгерістер қабылданған соң, ол көмек беріледі.

Шипажайлар да жолдамамен келген мүмкіндігі шектеулі жандардан түсетін қаражатты місе тұтпайды. Жаз айларында тіпті бағаны шарықтатып, өзге демалушыларды қабылдауға тырысады. Мүгедектерді қабылдағанның өзінде оларға жағдай жасалмайды. Тіпті бірқатар қызметтерін қысқартып, ақылы қылады.

Қарлығаш Ыбышева, «Әділет» мүгедектер қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:
Пандус жоқ. Сүйеніш жолақтары, арнайы дыбыс беретін құрылғылары жоқ. Массажды қабылдадық. Бес-ақ күн қабылдайды. Ал негізі 10 күн қабылдауы керек. Оны да алып тастайды.

Осылайша мүгедектер жылына бір баратын шипажайға жете алмай отыр. Қарағандының өз басында 5,5 мың адам осы кезекте тұр. Ал шипажай үшін белгіленген жолдама 2,5 мың ғана. Сондықтан жанайқайымызға билік құлақ асса-, дейді жарымжан жандар.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу