Ақтау тұрғыны мүгедек болып қалғанына дәрігерлерді кінәлайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау тұрғыны мүгедек болып қалғанына дәрігерлерді кінәлайды

12.04.2021

Ақтаулық тұрғын Аманбек Қожықбаев құзырлы органнан денсаулығына тәуелсіз сараптама жүргізуді талап етіп отыр. Себебі науқас дәрігерлердің салғырттығынан клиникалық өлімге душар болып, салдарынан мүгедек боп қалғанына шүбә келтірмейді. Ал жауапты орган өкілдері бір емес, 2 рет заңға сай сараптама жүргізілгенін алға тартуда.

Аманбек Қожықбаев өздігінен далада серуендей алмайды. Себебі ол сыртқа шықса, бағытын ұмытып адасып кетеді. 59 жастағы азамат мұндай ауруға 5 жыл бұрын шалдықты. Жұбайының айтуынша, жүрегіне жасалған операциядан кейін дер кезінде ауруханаға жатқызылмаған.

Миуа Берікбаева, науқастың жұбайы:
Сары су жиналғаннан клиникалық өлімге ұшырады. Содан кейін сөйлей алмай қалды. Сол сары суды алған жағдайда мұндайға ұшырамайды екен.

Дәрігерлер жүрек пен асқазанды емдеген. Мидың зақымданғанын 5 жыл өткен соң ғана түсінген дейді жұбайы. Алайда бұл аралықта науқастың ауруы дендеп, мүгедек боп қалған. Осының бәрі мамандардың салғырттығынан екенін дәлелдеу үшін ол сотқа шағымданып, сараптама жасатқан.

Миуа Берікбаева, науқастың жұбайы:
Сараптамадан өткізгенде бұл кісіні шақырмайды. Тек картадағыларды жазып, лицензиясы жоқ кәдімгі дәрігерлер өткізген, біз өткіздік сараптамадан, ешқандай ауруы жоқ деп береді.

Науқас 2 сарапртаманың да қорытындысымен келіспейді. Сондықтан ол қайтадан заңға сәйкес тексеру жүргізуді талап етіп отыр.

Нұрсұлу Мұхамбетярова, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Бұл кісіге ретротреспективтік түрде сараптама жүргізілді. Ол не деген сөз? Бұл науқастың амбулаторлық картасы, мед құжаттары түгел жолданып,сараптама жүргізілді. Профессордың қорытындысы бойынша, Ақтау қалалық №2 емхана деңгейінде бұл кісіге уақытында диагноз қойылған. Емге жолданған.

Департамент басшысының айтуынша, науқас қайта арыздана алады. Бірақ ол үшін шағымын дәлелдейтін медициналық құжат болуы тиіс.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу