Үштөбе қаласының 50-ге жуық көшесі батпаққа батып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үштөбе қаласының 50-ге жуық көшесі батпаққа батып жатыр

11.04.2021

Көктем сайын қалалардың көшелері су мен батпаққа батып жататынын, қармен бірге асфальт еріп кететінін сюжет қылып беру біздің дәстүрге айналған. Көріністер де ұқсайды, әр жердегі шенеуніктердің жауаптары да бірдей. Соңғы мысал: Ақтөбе әкімі Асқат Шахаров жол жөндейтін мердігерлерді жиып, «Сіздер бізді сазға отырғызып кеттіңіздер! Экономикалық мәселені әлеуметтік шиелініске айналдырдыңыздар, сіздердің кейбіріңізбен күш тұрғысынан сөйлесемін!» деп бұлқан-талқан болды. Тұрғындардың наразылығы қысып жіберген-ау. Және жұрттың айтып отырғаны рас – шындықтан қаша алмайсың. 

Алматы облысы Үштөбе қаласының да 50-ге жуық көшесі қар ерігелі батпаққа айналған. Шаһарға ауыз су құбырын тартқан мердігерлер былтыр жұмысын толық аяқтамаған. Иә, бұл жерде де мердігерге сілтеме жасалады. Мердігерді таңдайтын, мердігердің жұмысын қадағалайтын, мердігердің жұмысын қабылдап алатын кім? Дұрыс – балшыққа батқан жұрттың айғайы мен мысқылынан кейін «мердігерлер ғой» деп бұлқан-талқан болатын әкімдіктер. «Менің кінәм жоқ» деген «Менің атым -Қожадағы» Жантасқа ғана жарасады. Ол да сүйкімсіз көрінеді. Қуаныш Қанатұлының материалы.


Хабарламаларға жазылу