Елордада 1 айда 600 мың, ал Алматыда 1 млн адамның екпе алуына жағдай жасалады. Бүгін баспасөз алаңында қос мегаполистің денсаулық сақтау мамандары есеп берді. Қазір екі қалада екпе егу пунктерінің саны артқан. Елордада оның саны жүзден асады. Медициналық мекемелермен қоса, сауда ойын сауық орталықтарында әзірлік басталды. Оның бірі - MEGA Silk Way орталығы. Онда екпе егу 12 сәуірде басталады. Мұнда мамандар таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Екпе алуға ниетті тұрғындар тіркелген клиникасына егов порталы арқылы жазылуға және екпе егу пунктін таңдауға мүмкіндігі бар. Ал қаладағы эпидахуалға келсек, жағдай тұрақсыз. Күніне 400-ден астам жаңа жағдай тіркелуде.
Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:Бүгінге дейін елордада 22500 адам екпе салдырған. Медициналық мамандар, мұғалімдер, құқық қорғау органдар, дипломатиялық мамандар. Қарсы көрсетілім байқалмады деп отыр. Осы аптада екпеге алдын ала жазылу арқылы салынуда.
Алматыда да ахуал мәз емес. Өткен тәулікте 717 адамнан вирус анықталған. Мамандар мұны мутацияланған штамдармен байланыстырып отыр. Жалпы, бір айдың ішінде шамамен 1 млн адамға екпе салу жоспарланған. Қазір 200-ге жауық егу пунктері әзірленген. Сондай-ақ алыс ауыл, аудандарға жылжымалы екпе егу бригадалары ұйымдастырылмақ. Жиында иммунолог мамандар ауыз бектікендер екпені кейінге шегерген дұрыс деп кеңес берді. Бұған қарсы көрсетілім жоқ, бірақ иммунитет әлсіреген шақта абайлаған жөн. 65 жастан асқандар, созылмалы аурумен, онкологиялық дертпен, қант диабетімен ауырғандар дәрігер нұсқауымен вакцина салдырғаны дұрыс.
Раушан Сайлауқызы