Бүгіннен бастап Қарағанды облысы «қызыл» аймаққа ауысты. Өңірде соңғы аптада сырқаттанушылар саны күрт артқан.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Облыста соңғы тәулікте 144 адам COVID-19 жұқтырған. Соңғы екі аптада індетке шалдыққандар саны күн санап көбейіп келеді. Қарағанды қаласының өзінде тәулігіне 90-95 адамнан вирус анықталып жатыр. Ауылдық жерлерде де жағдайдың ушығуы байқалады. Мысалы, Ұлытау ауданының Алғабас ауылында 34 адам науқастанған. Қазір елді мекенге санитарлық бекеттер қойылып, шектеулер күшейтілді. Жалпы өңір қызыл аймаққа өткенмен әлеуметтік-экономикалық нысандардың қызметіне бірден шектеу енгізілмейді.
Қазір өңірдегі індет жұқтырған науқастарға арналып, уақытша консервацияда тұрған орындар қайта жасақталуда. Қарағандыдағы ауруханалардың өзінде 4 600 төсек орын дайын тұр. Бірақ қазіргі қажеттілік бойынша 2700 орыны бар 19 госпиталь науқастарды қабылдауда. Облыс бойынша Қарағанды, Приозерск, Шахтинск қалалары мен Ұлытау ауданында жағдай ушығып тұр.