Осылай деп тұрғындар дабыл қағуда. Соңғы рет қазан айында Надеждин елді мекеніндегі зираттың темір қоршауы ұрланған. Қорым ғана емес, ауылдағы әлеуметтік нысандардың да қоршауы қолды болған. Арада бір ай өтсе де, ұрылар әлі табылмапты. Көпшілік сұғанақтар із суытып, жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл жерде Надеждин және Жангелді ауылы тұрғындарының ата-бабалары жерленген. Марқұмдарды әлі де осында әкеліп қояды. 15 жыл бұрын тұрғындар қаржы жинап, зиратқа қоршау орнатқан. Қазір соның бір жақ бүйірі аңқиып ашық жатыр. Қазан айында ұрылар 200 метр жердің темір шарбағын кесіп, алып кеткен.
Қараша айының басында тұрғындар темір қоршаудың ұрланғаны туралы полицияға арыз түсірген. Іле-шала жедел тергеу тобы келіп хаттама толтырып, оқиға орнында тексеру жүргізіпті. Содан бері арада ай өтті. Ұрылардың да, ұрланған заттың да ізі шықпады.
Аманғали Дәуренбеков, ауыл тұрғыны:
- Мынаны дұрыстап берсін. Соттасын! Олар соттамаса, өзіміз соттаймыз. Тек тауып берсін! Біздің талабымыз - осы.
Бұған дейін ауылдағы стадионның қоршауын ұрлағандарды әкім бастап тұрғындардың өздері қолға түсіріпті. Алайда, нысан ресми түрде ешқандай мекеменің меншігінде болмағандықтан, қылмыстық іс қозғалмаған. Сөйтіп, сұғанақтар жазадан құтылыпты. Кейін осыған ұқсас қылмыс көрші ауылдарда да тіркелген.
Орал Мендекенов, Надеждин аулының әкімі:
- Орыс зираттарын тонау бір-екі жерде болды. Алешин, Веденка деген ауылдарда. Оларды тергеп жатырмыз дейді. Бірақ, ешқандай нақты мәлімет жоқ.
Тұрғындар осылайша іс сиырқұйымшақтанып, зираттың қоршауын қолды қылғандар да табылмай кете ме деп күдіктенеді.
Мұхтар Жайлаубаев, Қостанай аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
- Жедел іздестіру тобы құрылып, Қостанай ауданы және Қостанай қаласындағы металл қабылдау орындары тексеріліп жатыр. Одан басқа күдікті адамдарды анықтау жұмысы жүргізілуде. Оларды табамыз деп айта аламын.
Яғни, полиция қызметкерлері істі соңына дейін жеткіземіз деп отыр. «Мұндай бейбастақтықты біржола тыю үшін, айыптылар ел алдында қатаң жазаланауы тиіс». Көптің талабы осы.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.