Соңғы 10 жылда 500-ден астам жаңа тауар түрі нарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 10 жылда 500-ден астам жаңа тауар түрі нарыққа шықты

02.04.2021

Тәуелсіздік алғалы өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Соңғы 10 жылдың өзінде 500-ден астам жаңа тауар түрі нарыққа шықты. Ал индустриаландыру бағдарламасы іске қосылғаннан бастап, 1527 өнеркәсіп іске қосылды. Соның нәтижесінде 200 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал мұның экономикаға әкелген пайдасы шамамен 9,4 трлн теңге.

Темір рельсі, трансформаторлар, автобус және автомобиль өндірісі. Бұл өзге емес, өз елімізде шығатын жаңа тауар түрлері. Соңғы он жылда 500-ден астам отандық өнім нарыққа шықты. Осылайша елдегі өнеркәсіп саласы нығая түсті. Мәселен, жаңа ғасырдың алғашқы жылдары елдегі кәсіпорын саны 10 мыңнан асса, былтыр 17000-ға жуықтады.

Лаура Садықова, ҚР ИИДМ өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры:
Былтыр, жалпы ішкі өнімде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7 пайыз болды. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Бұл ретте 2010 жылдан басталған индустриаландыру бағдарламасның орны бөлек. Былтыр пандемияға қарамастан 201 жаңа жоба іске қосылды. 919 млрд теңге инвестиция тартылды. 18600 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша өткен жылы өңдеу өнеркәсібі 3,9 пайызға өсті, металлургия - 2,6 есеге өсті, машина жасау - 16 пайызға, автомобиль өндірісі - 52 пайызға, ал жеңіл өнеркәсіп – 15 пайызға, фармацевтика - 47 пайызға өсті.

Марат Қарабаев, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы:  
Биыл 110 жоба іске қосылмақ. 1 трлн 910 млрд теңге инвестиция тартылады. 12000 жұмыс орны құрылады. 5600 ауылды жерде. 1трлн өнім береді деген жоспар бар.

Пандемия басталғалы өнеркәсіп салалары денсаулық саласын демеп жіберді. Тосыннан келген сынаққа алғашында абдырап қалғанымен, көп ұзамай жаңа өндіріс алаңдарын іске қосты. Қазір отандық кәсіпорындар тәулігіне 1 жарым млн маска, 330 мың қолғап, бір айда 500 мың қорғаныш костюмдерін шығарып отыр. Өкпені жасанды желдету аппаратын да өндіре бастады. 17 өңірдегі 300-дей ауруханаға 1 жарым мың желдету аппараты, 48 рентнген құрылғысы жеткізілді. Көлік өндіру саласы медициналық мекемелерді 1 мыңнан астам жедел жәрдем, 100 жылжымалы көлікпен қамтамасыз етті. Осылайша отандық өнеркәсіп саласы қажетті тауарларды тез арада өндіріп, қоғамның сұранысын өтеуге қауқарлы екенін дәлелдеді.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу