Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 21 мыңға жуық ғылыми жоба жүзеге асқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 21 мыңға жуық ғылыми жоба жүзеге асқан

01.04.2021

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері республикада 21 мыңға жуық ғылыми жоба жүзеге асты. Барлығы мемлекет бюджетінен қаржыландырылып, қолдау тапқан. Нәтижесінде осындай жұмыстармен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтары мен түрлі ұйымдар ашылып, әлемді таңдай қақтырған талай жобалар жарыққа шықты.
Бұл алматылық ғалым Мерлан Қылышұлы әріптестерімен бірге ойлап тапқан ерекше шам. Оның басты артықшылығы – жарық беру қуаты қарапайым шамға қарағанда бір жарым есе күшті. Жоғарғы оқу орнының доценті шамды жасап шығару технологиясында ешқандай өзгеріс жоқтығын айтады.
Мерлан Досболаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ доценті:
Ерекшелігі сол, деңгейлердің жаңағы газды енгізу кезінде біз жаңағы нанобөлшектерді бірге қосып жібереміз. Ол үлкен шығындар әкелмейді. Қазіргі таңда біз 500 шамға дейін шығара аламыз.  Оның да әртүрлі формалары бар.  Солардың бәрін осы жерде жасап шығаруға болады.
Ал бұл қандай да бір затқа қоспа ретінде қолданып, оның төзімділігі мен күш-қуатын арттыруға арналған түрлі көміртекті материалдар дайындайтын еліміздегі жалғыз зертхана. Көптеген салада пайдалануға жарайтын нанотехнология орталығының өнімдерін бүгінде сатылымға шығару жоспарланып отыр.
Мұхит Мұратов, нанотехнология зертханасының директоры:
Отандық университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары, сонымен қатар шетелдік Ресей Федерациясындағы ғылыми орындар мен коммерциялық компаниялар біздің осы өнімдерімізді біз соларға да сатуға мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекет басшысы 2025 жылы елімізде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына тең болатынын айтты. Яғни, қазіргіден 4 есе көбейеді. Сондай-ақ, жас стартапшылардың ғылыми жобаларын қолдауға жылына 9 миллиард теңге бөлуді тапсырды.
Думан Орынбеков, ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары:
Осының аясында жас ғалымдарға арналған екі конкурс жарияланып, жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 2 жарым мыңдай жас ғалым университет мұғалімдері, жас ғалымдар, магистранттар, докторанттар өздерінің ғылыми жұмыстарын табысты орындауда.
Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті:
Бұрын үш жылда бір рет өткізуші еді ғылым туралы конкурсты. Қазір жыл сайын өткізіп жатыр. Кейбір жылдары екі-үш конкурс өтеді.  Бұл үлкен қозғалыс береді. Үлкен импульс береді.
Елімізде бір ғылыми жобаға 50-53 миллион теңге шамасында қаржы бөлінеді, дейді мамандар. Бұдан бөлек, жас ғалымдарға 1 жылдық шәкіртақы тағайындалып, жылына 1000 грант бөлу бастамасы қолға алынбақ.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу