Тәуелсіздік жылдарындағы өңірлердің айтулы жетістіктері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік жылдарындағы өңірлердің айтулы жетістіктері

13.12.2019

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің әр облысында ауқымды істер атқарылып, аймақ жұртының жағдайы жақсарды. Бірақ жұмыс мұнымен бітпек емес. Мәселен, Қостанай облысының алдында аграрлы-өндірістік өңірге айналу межесі тұр. Тәуелсіздік жылдары атқарылған ауқымды істер аймақ жұртын бұл мақсатқа жақындата түсті. Индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы құны 152, 3 миллиард теңге тұратын 91 жоба жүзеге асқан.

Дәуренбек Әбдібек, тілші /Қостанай/:

Индусртияландыру бағдарламасы аясында күні бүгінге дейін 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл үрдіс әлі жалғасады. 2025 жылға дейін тағы 40 ивестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Машина жасау бойынша аймақта «Сарыарқаавтопром» кәсіпорны көш батсап тұр. Мысалы, 2015 жылы зауытта 5500 көлік құрастырылса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 12 мыңға, ал биыл 20 мыңға жетті. Кәсіпорында мың жарым адам еңбек етеді.

Соңғы төрт жылда облыста 1 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй салынды. Соның арқасында 10 мыңнан астам адам баспаналы болды. Ауылшаруашылығы саласына да үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде құны 2 миллиард 700 миллион теңге болатын жоба жүзеге асты. Әсіресе өнімді өңдеуге көп көңіл бөлінеді. Былтыр өрісінде төрт түлік өрген Торғай өңірінде жылына 3 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы ет комбинаты ашылды.

Жандос Темірғали, тілші /Атырау/:

Тұғыры биік тәуелсіздік, өндірісті өңір Атырауға да тың серпін беріп, толағай табыстар әкелді. 28 жыл ішінде дархан даланың қойнауынан 600 миллион тоннаға жуық мұнай игеріліпті. Бүгінде аймақтағы 20-ға жуық кәсіпорын жылына шамамен 50 миллион тоннаға жуық қара алтын мен 20 миллиард текше метрдей ілеспе газ өндіреді. Биылғы өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 миллиард теңгеден асып отыр. Өздеріңіз білесіздер, Атырау донор өлке. Жыл сайын ел қазынасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы құяды. Атыраудың тағы бір бренді — балық. Биыл балықшылар 12 мың тонна балық аулады. Өнімнің 80-пайыздан астамы әлемнің 10 мемлекетіне экспортталады.

Ержан Жақып, тілші /Семей/:

Рухани-мәдени орталық саналатын Семей шаһары да Тәуелсіздік алғалы қайта түледі. Ең бастысы егемендіктің арқасында, сынақ полигонының үні өшті. Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де арта түсті. Тек соңғы бес жылда шаһарда өндіріс көлемі 1,6 есеге өсіп, 200 миллиард теңгені құраған. 1350 жаңа жұмыс орны пайда болып, халық саны 350 мыңға жетіп отыр. Сондықтан тұрғын-үй құрылысы да қарқын алды.

Семейді алдағы уақытта кешенді дамыту үшін үкіметтен 2020-2025 жылдар аралығында 260 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл қаладағы түрлі саланы жетілдіруге жұмсалмақ.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші /Шымкент/:

Иә, өңір үшін Тәуелсіздіктің басты жетістігі де осы — Түркістанның облыс орталығына айналуы. Халқының саны 1 миллионнан асқан Шымкент шаһары өз алдына еншісін алып, республикалық маңызы бар мегаполис қатарына қосылды. Осылайша, оңтүстік жұрты – «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» атанған Түркістанға бет бұрды. Барлық мемлекеттік органдар, департаменттер мен басқармалар осында қоныс аударды.

Елбасы Түркістанды дамыту жоспарын бекіткені белгілі. Соған сай 25 нысанның құрылысын әр облысқа, ұлттық компанияларға бөліп берген. Соның бірқатары салынып бітті. Мәселен, мына амфитеатр — Маңғыстау жұртының сыйы десе болады. Сыр өңірінің сыйы — Шығыс моншасы да дайын, кесененің арғы қапталында. Тобыл жұрты салып берген неке сарайы да осы маңда. Қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында құрылыс қызып жатыр. Облыстық әкімдік ғимараты, музыкалық мектеп, медиа орталық салынып бітті. Жалпы, облыс бойынша биыл 4 мыңнан астам пәтер тапсырылады. Оның 1148-і арендалық пәтер, 2400 жеке тұрғын үй, 166 -і қызметтік үй. Сондықтан биыл жаңа облыста, жаңа үйде Тәуелсіздік күнін тойлайтындар көп.

Шынында, әр өңірдің гүлденгені – ол Қазақ елінің гүлденгені. Ал экономикалық қуатты әрі әлеуметтік жағынан жоғары дамыған күшті аймақтар Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі болмақ! Сондықтан елдің ілгерілеуіне бәріміз шамамыз келгенше үлес қосайық!


Хабарламаларға жазылу