Атырауда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 9 процентке артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 9 процентке артқан

01.04.2021

Еліміздің бірқатар өңірінде коронавирус жұқтырғандар саны артып барады. Қауіпті кеселдің қайта белең алуына той-томалақтың көбеюі себепші болып отыр. Аймақтардағы эпидахуалды тілшіміз кеңінен тарқатады.

Атырауда жиын-тойлардың тыйылмауынан коронавирус жұқтыру көрсеткіші 9 процентке артып, індеттің тарауы 26 пайызға жетті. Өңірдегі мобильді топтар бір аптада карантин режимін бұзған 34 кәсіпкерлік нысанды анықтады. Шектеулерді елемегендерге жыл басынан бері 17 млнн теңге айыппұл салынған. Алайда, отбасылық мерекелік шаралар өткізетіндер індеттен қаймығар емес.

Махамбет Досмұхамбетов, облыс әкімі:   
Иә, тәртіп сақтап өмір сүреміз, не қайтадан қатаң шараларды қолдануға барамыз. Соны халыққа түсіндіріп айту керек. 

Түркістан облысында да тойға барып, індет жұқтырғандар көбейген. Өңірдің эпидемиологтары осылай деп дабыл қағуда. Себебі, науқастардың көбі түрлі отбасылық жиындарға барып, ауру жұқтырған. Жыл басынан бері облыс аумағында 192 той тоқтатылып, иелеріне айыппұл салынды.

Бахтыораз Елемесов,  облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда 45 пайызға өсіп отыр. Пневмония және короновирус инфекциясын қоса алғанда. Төлеби ауданы, Сайрам ауданы, Жетісай, Мақтаарал аудандарында көбірек тіркеліп отыр.

Ал Сыр өңірінде соңғы екі тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Күн сайын 15 адам індет жұқтырады. Эпидахуал бұлай ушыға берсе, облыс «сары» аймаққа енуі мүмкін. Ал мониторингтік топтар жұмысын күшейтті. Күні кеше рейд барысында құзырлы орган өкілдері карантин талаптарын өрескел бұзған екі дәмхана мен компьтерлік клубтың жұмысын тоқтатты.

Жалпы жыл басынан бері 123 кәсіпкерлік нысанға айыппұл салынды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу