Ертең Түркі тілдес елдердің ынтамақтастық кеңесі өтеді. Әуелде Түркістан қаласында деп жоспарланған жиын карантинге байланысты онлайн форматқа ауысты. Түбі бір туыс елдердің басшылары ортақ мәселелерді ортаға салмақ. Сарапшылар бұл кеңесте біршама маңызды тақырыптар қозғалады деп болжап отыр.
Түркістан - тұран даласын мекен еткен барша халықтар үшін қасиетті мекен. Қазақ елі қазір көне шахарға жаңа серпін беріп жатыр. Жиында тарихи қаланы ортақтасып дамыту жайы айтылуы бек мүмкін дейді сарапшылар.
Амангелді Құрмет, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары:
Түркістанға жиналамыз деп әу баста келіскен соң, енді бейнеконференция форматында өтетіндіктен бұл тұтас Түркістан аймағының, тұтасы Жиделібай бұрынғы өңірінің Түркістан әрі қарай Өзбекстан деп қарастыруға болады, маңыздылығын арттыру мәселесі де қозғалуы мүмкін. Өзбек тарапынан да бірқатар ұсыныстар болуы ғажап емес. Ал Әзірбайжан тарапы бұл жолы Қарабақты қалпына келтіру мәселесін тағы айтатын шығар.
Кеңеске мүше мемлекеттердің халқының саны 160 млн-ға жуықтайды. Бұл елдер өзара жыл сайын 260 млрд доллардың өнімін импорттайды. Пандемия әсерінен әлем экономикасы әлсіреп, бізге де әсерін тигізіп отыр. Бұл орайда алыс-берісті көбейтіп, экономикалық байланыстарды күшейткен жөн.
Қайырбек Арыстанбеков, экономист:
Соңғы мына Кавказдағы оқиғаларға байланысты бір дәліз коридор пысықталып жатқан секілді. Егер сол мәселе шешілсе Әзірбайжан мен Нахичеван сосын Түркия арасындағы транспорттық мәселе шешілсе онда түркі тектес елдердің экономикасы жаңа бір импульс алатын сияқты.
Ертеңгі жиынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, модераторлық етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Жалпы Түркі кеңесі 2009 жылы Әзірбайжандағы Нахичевань саммитінде Елбасы бастамасымен құрылған. Бастапқыда 4 мемлекет қана мүше болған. Кейін ұйымға Өзбекстан қосылып, Мажарастан бақылаушы болды. Ұйым туыс елдерді топтастырып, ортақ мәдени-рухани жобаларға бастамашы болды. Осы уақытқа дейін түрлі мәселелерге қозғау салған 8 ірі саммиті өтті.
Шерхан Жамбылұлы