Кеше футбол жанкүйерлері ғана емес спорттан алшақ жүрген адамдардың да теледидарға арбалған күні болды. Қазақстанның ұлттық құрамасы елордада қазіргі Әлем чемпионы Франция командасымен бақ сынасты. Біздің команданың қанжығасы майланбағанымен, жалпы салқын қандылық танытып, салмақты ойын көрсеткені көпті қуантты.
Бірінші таймның алғашқы жартысында біздің футболшылар жинақы ойын көрсетті. Дегенмен Барселона шабуылшысы Усман Дембеле 19-шы минутта есепті ашты. Ал 44-ші минутта допқа талас кезінде Сергей Малый өз қақпамызға допты кіргізіп алды.
Ұлттық құрамада ұрымтал сәттер болды. Алайда бірде сенімділік жетпсе, ендігі сәтте бақ пен бап ұштаспай жатты. Ал қақпашы Александр Мокиннің ойыны көптің көңілінен шықты. Әлемнің ең қымбат ойыншысы Мбаппенің 11 метрлік айып добы мен екі рет қақпаға тура бағыттаған добын қайтаруы командаластарына жігер берді.
Карантинге байланысты кешегі ойын көрерменсіз өтті. Спорт мамандары оның да әсері болды деп есептейді.
Азиз Жұмәділ, спорт журналисі:Жігіттер кеше барын салып ойнады. Енді стадион лық толы болғанда кім біледі. Мүмкін жанкүйерлердің қолдауы, көрермендердің қолдауы қатты әсер ететін бе еді. Бәлкім жанып кетер ме еді.
Аузын айға білеген Франция ойыншыларының жалпы құны 1 млрд доллардан асады. Ал Қазастан құрамасының жалпы трансферлік бағасы 25 миллион доллар. Осы айырмашылықтың өзі біздің команда ірі есеп айырмасымен жеңіледі деген болжамдарға желеу болған. Бірақ олай болмады.
Қанат Базылхан, спорт журналисі:Еуропада футбол ойнай алмайтын команда жоқ. Сондықтан Қазақстан да мүмкіндік бар. Тіпті ертеңгі Украинамен ойында да неге үміт жоқ. Ол үмітсіз шайтан ғой. Бірақ шыны керек қиын, өте қиын.
Ұлттық құрама ендігі ойында осы сәрсенбіде сырт алаңда Украинамен өткізеді. Одан өзге біздің топта Босния-Герцоговина мен Финляндия елдері бар.
Шерхан Жамбылұлы