Алматыда 94 жастағы науқастың жүрегіне ерекше операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 94 жастағы науқастың жүрегіне ерекше операция жасалды

29.03.2021

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында алғаш рет 94 жастағы науқастың жүрегіне ерекше ота жасалды. Медицина тілінде «Жүректің қолқа қақпашасын эндоваскулярлық импланттау» деп аталатын операцияның бұл түрі елімізде соңғы жылдары қолға алынған. Оның басты артықшылығы – ота жабық түрде өтеді және жансыздандыру препараттары салынбайды. 

Биыл 94 жасқа келген Валентин Хаксунұлы аз қимылдаса болды, ентігіп, кеудесі қысатын. Тексеріле келе, науқаста жүрек кемістігі анықталып, дереу ота жасалды. Барлығы сәтті өтіп, кейін 12 сағат бойы жансақтау бөлімінде ем алған науқас қазір ауруханадан шығуға дайындалуда.

Валентин Ни, қала тұрғыны:
Басында бұл отаны жасатуға келіспедім. Тағы бірнеше жыл өмір сүремін деген сенімде болдым. Бірақ дәрігерлер мені көндірді. Ота барысында ұйықтап жаттым. Оянсам бәрі ойдағыдай өтіпті. Қазір өзімді өте жақсы сезінемін. Еш жерім ауырмайды. Бастысы артық қимыл жасамай күтінуім керек.

Жүректің қолқа қақпашасын импланттау кезінде науқастарға жансыздандыру препараттары қолданылмайды. Тек жергілікті орынға наркоз салынады. Ең қызығы, пациенттер операциядан кейін дер кезінде оянып, реабилитациялық кезең жеңіл өтеді.

Алмат Қалжанов, Қалалық кордиология және ішкі аурулар ғылыми–зерттеу институтының кардиологы:
Пациенттер егде жаста. Оларға ашық түрде жасау операцияны қарсы көрсеткіш болып табылады. Сондықтан осындай жабық жолмен жасалды. Операция аяқ тамыры арқылы жасалынады.

Мамандардың сөзінше, мемлекеттен осындай әр операцияға 5-5 жарым миллион теңге бөлінеді. Яғни, науқастар үшін барлығы тегін. Айта кетейік, аталған институтта өткен жылы 8 адамға осындай ота жасалса, биыл бұл көрсеткішті 20-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу