Бас қаланың тұрғындары кәріз қалдықтарынан зардап шегіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас қаланың тұрғындары кәріз қалдықтарынан зардап шегіп жатыр

26.03.2021

Елорданың Алматы ауданына қарасты Ертіс көшесінің тұрғындары көктем-күз айларында жағымсыз иісті жұтып, тілерсектен саз кешуге мәжбүр. Әкімдіктегілерге айтқанмен бес жылдан бері құрғақ уәдеге тойдырып болды деп кейиді көпшілік.

Ертіс көшесінде 100-ден аса үй бар. Тұрғындардың төзімін тауысқан сол баяғы жылдағы жыр. Қардың көбесі сөгілгенде көшені су алып, кәріз қалдықтары су бетінде қалқиды.

Болат Игібаев, Ертіс көшесінің тұрғыны:
Мына біздің септигіміз, қазір мына 1 айдан кейін басталады. Бәрі сыртқа ағады. Сыртқа аққан соң көше былғанады. Балаларымыз бар, өзіміз бар аяқпен басып, барлық қалдықты, боқты үйге алып кіреміз. Үйге келіп жуынайық десек, сосын суымыз жоқ. Жуынбаған адам не болады, өзіңіз ойлаңызшы?

Бұл көшенің былығы мұнымен бітпейді. Кәріз суына бөккен тұрғындар ауыз су мен жарыққа да жарымай келеді. Шамның жарығы түбіне түспейдінің кері. Жанымыздағы көшелерді ретке келтіріп, бізді ғана тастап кетті деп қынжылады тұрғындар.

Нұрбиға Абишева, Ертіс көшесінің тұрғыны:
Әрбіріміз өз көшемізге топырақ төгеміз, құм төгеміз, кішкене өзімізді жөндейміз. Енді қашанғы жөндеуге болады? Канализацияның суы ағып жатады сыртқа, балаларымыз ойнайды. Жертөлеміз түгел суда тұрады.
Ақниет Балтанова, тілші:
Тұрғындардың шағымынан соң үй-үйді аралап көрейік деп шештік. Расында да кәрізде жиналған су көктем-күз айларында жоғары көтеріліп, дала түгіл, үйді алып кетеді. Сәйкесінше, мынадай тоққа қосылған құрылғылар істен шығып, балалардың өміріне қауіп төндіреді екен. Ал қабырғаларда су көтерілгеннен кейін сарғайып, жыл сайын жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Кәріз қалдықтарының иісі тіпті өзекті мәселе.

Жұрттың жан-айқайын жауаптыларға жеткіздік. Атқамінерлер тұрғындармен жүздесіп, канализация жүргізу жұмыстарын 15 сәуірге дейін бастап, қыркүйекте аяқтауға уәде берді. Ал өзге мәселелер бюджеттен қаражат бөлінсе, мамыр айында қайта қаралмақ.

Елорда бойынша мұндай проблемасы бар жалғыз Ертіс көшесі емес. Биыл 5 жобаға ақша бөлінген. Мәселен, Тілендиев даңғылының оң жақ бөлігі мен Баршын көшесіне, 20-2, №11-інші көшелерге де канализация, жарық, су жүргізіледі. «Сарыарқа» ауданы, «Көктал» тұрғын үй алабы мен өзге де бірнеше көшеге жол салынып, инженерлік желілер орнатылады. Ал Ертіс көшесі тұрғындарының базынасы шешімін тапқанша біздің назарда.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу