Елордада инфекцияны жұқтыру деңгейі 24 пайызға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада инфекцияны жұқтыру деңгейі 24 пайызға артты

26.03.2021

Соңғы он күнде елордада инфекцияны жұқтыру деңгейі 24 пайызға өскен. Қазір қала қызыл аймақта, эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұлай жалғаса берсе жаздағы жағдай тағы қайталануы мүмкін екенін айтады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Дәл қазір біз жаңа салынған модульді аурухананының жасыл аймағында тұрмыз. Бұдан әрі қауіпті зонаға өтуге рұқсат жоқ. Себебі, нуқастар саны күрт артқан. Мәселен, бұл мекеме 200 орынға шақталса соның 163-інде қазір науқастар ем алып жатыр.

Қарбалас тірлік қайта күшейді. Соңғы 25 күнде қалада 3700-ден астам адам ковидпен ауырған. Мамандар қазіргі эпидемиологиялық жағдайды былтырғы шілде айындағы қауіпті кезеңге теңеді. Ақпанда орта есеппен күніне 100 жағдай тіркелсе, осы айда бұл көрсеткіш 230-ға жетіп отыр. Жалпы стационарда 500-ге жуық науқас ем алуда. Төсек орындарының толымдылығы 64 пайызға жетті. Науқастардың басым бөлігі 49 жастан асқан азаматтар.

Ақбота Әбішбаева, дәрігер-инфекционист: 
Өткен айға қарағанда науқастардың саны артуда. 50-60 пайыз өкпесі зақымдалған науқастар көп түсуде. Егде жастағы науқастар, қосалқы ауру бар науқастар көп түсуде.

Вирустың көбеюіне байланысты медицина мамандарының жүктемесі екі еселене түсті. Індетпен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Қажет болған жағдайда қосымша кадрлық резерв дайын. 10 инфекциялық аурухана, 1 қосымша мекеме жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек 300 төсек-орын әзірленді. Оқу жылы басталғалы 1590 оқушы індет жұқтырған. Олардың 69 пайызы қашықтан оқыған. Наурыз айында балалар арасында вирустың өршуі 10 пайызға артқан.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Жансақтау бөлімінде сырқаттардың саны артқан. 55 адам хал үстінде, 14 науқас жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Статистиканың өсімі наурыз мейрамынан кейін байқалды. Бұл санитариялық нормаларды сақтамай, адамдар көп шоғырланған орындарға бару, карантиндік режимнің бұзылуымен байланысты деп отыр мамандар.

Ал халықты жаппай вакцинациялау сәуірдің екінші жартысында басталады. Бүгінге дейін 10 мыңға жуық адамға екпе салынды. Вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары тіркелмеген. Егер эпидемиологиялық жағдай түзелмесе шектеу шаралары күшеймек. Сондықтан басқарма мамандары санитарлық талаптарды мұқият сақтауға шақырды.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу