Әлі сиыр сауады: Қарағанды облысында 111 жасқа келген әжей тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлі сиыр сауады: Қарағанды облысында 111 жасқа келген әжей тұрады

25.03.2021

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар ауылында тұратын Түймекүл әжей осымен 111-ші көктемін қарсы алды. Жыл басы Наурызды қарт ана асыға күтеді. Бала-шағасы мен келген қонақтары үшін қыстай сақтаған сары қымызы мен сүр етін дастарханға қояды. Қос ғасырдың куәгері қарт әжей әлі де тың. Үй шаруасын атқарып, тіпті мал да жайғайды. Түймекүл әжейдің шаңырағында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тілшіміз Руслан Нұрланұлы да болып қайтты. 

Бұл ауылға түскен қонақ міндетті түрде Түймекүл әжейдің шаңырағына соғып, сәлем береді. Арнайы қымызын аңсап келетіндер де қаншама. Әжей Жамбыл өңірінде 1910 жылы Байқадам деген ауылда дүниеге келіпті. Кейін тұрмысқа шыққан соң Аязбай ақсақалмен бірге көп жыл жылқы бағыпты. 

Түймекүл Темірбаева, Қызылжар ауылының тұрғыны:
25 жыл жылқы бақтым. Көмекші болдым, сауыншы болдым. Бармаған жеріміз жоқ жылқымен. Бұндай алып үй емес, киіз үйде тұрдық жапан далада.

Аштық жылдарын, соғысты көрген Түймекүл әже 8 баланы дүниеге әкелген. Қазір соның 4-уі өз басына жеке үй болып отыр. Өзі 54 жастағы ең кенже ұлының қолында тұрады. 

Сөртібай Темірбаев, кенже ұлы:
Енді қазір де ұстай алмаймыз ғой. Өзінің еңбекқорлығымен, шаруақорлығымен осы жасқа жетті деп ойлаймын. Далаға шығып кетеді, содан малдың қасына барады, күрек ұстап кетеді, айыр ұстап кетеді. 

Әжей бос отырғанды ұнатпайды. Үнемі қозғалыста жүру денсаулыққа пайдалы деп біледі. Тіпті әлі де сиыр сауады. 

Қарт ананың көзі де жақсы көреді. Инеге жіпті өзі сабақтап, іс те тігеді. Ісмерлікке, үй шаруасына келіндері мен немерелерін түгел баулыған. 

Айтолқын Аязбай, немересі:
«Қарты бар үй - қазына» демекші, осы апамыз бізге кішкентай кезімізден бар тәрбиесін берді, асырады, өсірді. Кішкентай кезімізде ертегісін де айтып беретін. Одан мектепке барғанымызда тамағымызды беретін. Кейіннен өсіп, шаруаға іліккеннен кейін бие саууды, сиыр саууды да үйретті. Кейіннен қымызды да баптауды білеміз. Қазір қолымыздан барлығы келеді. 

Түймекүл әжейдің 20-ға жуық немересі, 30-дай шөбересі бар. Әжей бүгінде әулеттің ғана емес бүтін бір ауылдың әзиз анасы. 

Руслан Нұрланұлы

қария қарағанды облысы

Хабарламаларға жазылу