Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

21.03.2021

Кеше Ақорда сайтында жарияланған Президенттің Наурыз мейрамымен құттықтауында: «Жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда Наурызды жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталдым. Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс», - дей келе Ұлыстың Ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажеттігін айтты. «Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам», - деген. Президент құттықтау сөзінен бөлек, қазіргі пандемия жағдайына орай: «Қазір дүниеде геосаяси дүрбелең белең алып, халықаралық тартыстар шиеленісе түсуде. Коронавирус індеті өршіп, әлем экономикасындағы дағдарыс күшеюде. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан халқы барлық сын-қатерлерге төтеп беру үшін бірлігін бекемдеп, қайсарлық танытуы қажет», - деп біздің уақыттың өте күрделі екеніне тоқталған.

Рас, АҚШ президенті «Ресей президенті адам өлтіруші ме?» деген сауалға «иә, солай деп есептеймін» деп басын шұлғиды. Жауап берген Ресей президентінің сөзі ақжарма тілек сияқты көрінгенмен, оның да астары ащы. Біздің президенттің әлемде геосаяси дүрбелең белең алды дейтініндей бар. Жә, бұл түсініктеме үшін шегініс.     

Мемлекет басшысы құттықтауында маңызды шараға да тоқталған. «Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – табиғатқа етене жақын халық. Ұлыстың Ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қоршаған ортаны таза ұстау – ертеден жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Біз қолға алған «Таза табиғат» жобасының негізгі мақсаты – сол игі шараны жалғастыру», - деп қайырады. 

Айта кететіні, осы ұлттық экологиялық шара бүгін Түркістаннан басталды. Жалпы, Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн көшет отырғызуға берген пәрмені бар. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Босағамыздан аттаған Жаңа жыл баршаңызға ырыс-несібе әкелсін деп тілеймін! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, құт дарысын», – деп аяқтаған.

Хабарламаларға жазылу