Францияда коронавирустың ПТР-тест анықтай алмайтын жаңа түрі тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияда коронавирустың ПТР-тест анықтай алмайтын жаңа түрі тіркелді

19.03.2021

Францияда коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі тіркелді. Британдық штаммен алысып жатқан Еуропа елдері үшін бұл жығылғанға жұдырық болды. Қарт құрлықта қазір ковидтің үшінші толқыны өршіп тұр. Вирустың таралуына тосқауыл қою үшін Еуроодақ мемлекеттері локдаун жариялап, карантинді күшейтуде. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Францияның Солтүстік-Батысындағы Бретань аймағында 8 адамнан коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі тіркелген. Оны ПТР-тест анықтай алмайды. Қанның серологиялық анализі арқылы ғана анықталады және бұл штамм алдыңғылардан да жұқпалы болуы мүмкін, дейді мамандар. Британдық штаммен алысып жатқанда вирустың тағы да мутацияға ұшырауы дәрігерлерді алаңдатып отыр. Бүгіннен бастап Францияның 16 елді мекені мен Парижде карантин күшейтілді. Індет өршіп тұрған осы аймақтарда сауда орындары жабылды. Тек азық-түлік сататын дүкендер ғана ашық. Италияның 11 елді мекені «қызыл, қауіпті» аймаққа енгізіліп, ондағы мектептер, мейрамханалар мен мұражайлар жабылды. Польшада індет өршіген соң, ел үкіметі ертеңнен бастап қатаң локдаун жарияламақ. Бельгия, Германия, Венгрия мен Чехияда да интенсивті терапия бөлімдері толған соң, ауруханалар жоспарлы операцияларды кейінге шегеріп, ковидпен түскендерді қабылдауға орын дайындауда.
Күні кеше дәрі-дәрмек жөніндегі Еуропалық агенттіктің мамандары «AstraZeneca» вакцинасы қауіпсіз әрі тиімді. Сондықтан, оны тоқтатпай, салуды жалғастырыңыздар» деген мәлімдеме жасады. 
Естеріңізде болса, осы препаратты салдыртқаннан кейін қарт құрлықтың бірнеше мемлекетінде медбике, дәрігерлер қайтыс болып, 30 шақты адамда тромбоз, яғни қанның ұюы пайда болған. Осыдан сескеніп Еуропаның 20-ға жуық елі «AstraZeneca»-ны қолдануды уақытша тоқтатқан-ды. Бүгін Германия, Италия, Франция вакцинацияны қайта жандандырды. Испания келесі аптада, сәрсенбінің сәтінде бастаймыз деп отыр. Ал, қалған елдер әліптің артын бақпақ. Дегенмен, Еуропада қазір «AstraZeneca» -дан басқа салатын екпе жоқ. Соңғы бекітілген төртінші препарат Jonson&Jonson қарт құрлыққа тек сәуір айында жеткізіледі.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу