Алматы облысында әйел адам 2 жастағы қызының шашын «Неоцидолмен» жуамын деп баласынан айырылып қалды
Қайғылы жағдай Талғар ауданының Туғанбай ауылында болған. Ауыл тұрғыны аталған дәріні суға ерітіп, екі қызының шашына жаққан. Салдарынан балалардың жағдайы нашарлап, ауылдық амбулаторияға апарған. Бірақ, 2 жасар қыз сол күні қайтыс болды. Кеше осындай ақпарат тарап, оны облыстық Денсаулық сақтау басқармасы растаған. Бірақ, қайтыс болған қыздың ата-анасы мен туыстары «бұл жалған мәлімет», деп жоққа шығарып отыр.
Қайтыс болған екі жасар қыздың ағайыны қайғыдан естерін жия алмай, қабырғасы қайысып отыр. Сондықтан, бізге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Олардың сөзінше, бүлдіршіндердің шашын ешқандай дәрімен жумаған. Балалар далада ойнап жүріп, жерден тауып алған препараттан уланған.
Ал, ауылдық амбулатория мамандары балалардың бастарынан жағымсыз дәрінің иісі шыққандығын растады. Өйткені, әлсіреп, мазасы кеткен қыздарын ата-анасы алғаш осында әкелген.
Қазір қайғыдан қан жұтқан ананың 5 жасар екінші қызы аймақтық балалар ауруханасында емделіп, үйіне келген. Мұндағы мамандар да қыздың жағдайы өте ауыр болғандығын айтты.
Асқар Қалиев, Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары:
- Анасы баласының басындағы битті жою үшін бастың шашты аймағын «Неоцидол» деген препаратпен жуған екен. Енді ол препарат бізде медицинада қолданылмайды. Ол ветеринарлық практикада қолданылады.
Мамандардың айтуынша, «Неоцидол» дәрісі жануарлардың денесіне жабысқан кенені жойып, қотырын жазуға арналған өте күшті препарат. Оны тіпті, қолданар алдында ашық жерде дайындау керек. Әйтпесе, иісі адам денсаулығы үшін аса қауіпті.
Гүлнази Ахметова, мал дәрігері:
- «Б» тізіміндегі улы препараттарға жатады. Оны кез келген адам дайындай алмайды. Оны кәдімгі ветеринар мамандар ғана дайындайды. Егер проценттік қатынасынан қателесетін болсаң малдың өзі қырылып қалуы мүмкін.
Осы жағдайдан кейін облыстағы дәрігерлер азаматтарды әр дәріні асқан ұқыптылықпен қолдануға үндеді. Тіпті, кез келген препаратты пайдаланбас бұрын дәрігердің нұсқаулығын алған жөн екендігін жеткізді.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
