Коронавирус жұқтыру өткен аптамен салыстырғанда 12 пайызға өсті. Соңғы бес күнде ауырғандар саны тәулігіне 1000-нан асып жатыр. Бұған өткен аптадағы мерекелік шаралар себеп болуы мүмкін. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймақта. Ал вирус жұқтырған оқушылар саны 10 мыңнан асты. Ауруханалардың толуы 18 пайыз. Егер ол 70 пайыздан асып, күніне 100 мың адамның 250-і вирус жұқтырса елде қатаң карантин режимі енгізілуі мүмкін. Сондықтан министрлік өкілдері алдағы мереке күндері ұжымдық шараларға тыйым салып отыр.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
Әр жексенбі сайын 21 наурыздан бастап толық локдаун енгізіледі. Бұл қанша уақытқа созылады десек барлығы біздің азаматтарымыздың қолында. Алда келе жатқан Наурыз мерекесі бар. Бас санитардың қаулысын орындап, маска киіп, барлық норманы сақтасақ біз бұл локдауннан жылдам шығамыз.
Ал шетелден келетін рейстер саны артпаса кеміген жоқ. Жолаушылардың басым бөлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанға ұшып келеді. Соңғы 6 айда 300 мыңдай жолаушы әуе қатынасымен, 800 мыңы көлікпен келген. 1000-нан астамынан вирус анықталды. Егу шаралары жалғасуда. Қазір 84 мың адам екпе салдырған. Асқыну жағдайлары тіркелмеді. Ай соңына дейін елге Спутник-В екпесінің 150 000 дозасы жеткізіледі. Осылайша сәуірде екпе алатындар тізімі ұлғаймақ. Екпенің екі компонентін салдырғандар үшін электронды паспорт дайын. Оны мобильді қосымша арқылы тексеруге болады.
Раушан Сайлауқызы