Президент Алматы қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алматы қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді

17.03.2021

Мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент ел тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі табыстары Алматы қаласымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондықтан бұл шаhардың тарихи рөлі айрықша деді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, азаматтарды жұмыспен қамтып, табысын арттыру басты назарда болуы қажет екенін еске салды.

Алматы - барша қазақ үшін қастерлі әрі жанымызға жақын қала. Осыдан отыз жыл бұрын қазақ елінің тәуелсіздігі осы шаһарда жарияланды. Президент мегаполис жанға жайлы, өмірге қолайлы болуы керектігін айтты. Ол үшін қаланы дамыту маңызды, бұл ретте Мемлекет басшысы бірнеше бағыт-бағдарды айқындап берді. Ең біріншісі экономиканы дамыту. Бизнеске кең тыныс беру қажет. Әрдайым тығыз байланыста болу маңызды. Қаланың әл-ауқатын арттырудың бір жолы ретінде креативті экономика бағытына көңіл бөлу керектігін айтты.

Қаланы дамытуға шетелдік инвесторларды да көптеп тарту маңызды.

Алматы еліміздің негізгі туристік қаласы. Соңғы 10 жылда саяхатшылар саны үш есе өсті. Дегенмен қызмет көрсету саласында кемшін тұстар аз емес. Президент Алматы облысы мен қаласының әкімдеріне бірлескен бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ пандемия уақытында халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса көңіл бөлу керектігін айтты.

Президент өз сөзінде қаланың әлеуметтік саласына да көңіл бөлді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау басты назарда болуы қажет. Мектептер мен балабақша мәселесі де өзекті. 2 миллионға жуық тұрғыны бар қалада былтыр екі мектеп пен 4 балабақша қана ашылған.

Денсаулық сақтау саласында да күрмеуі көп мәселе жетерлік.

Алтын Орда базары маңындағы көпірдің құрылысы алматылықтардың мазасын қашырғалы біраз болды. Президент бұл құрылысты қатаң сынға алды.

Жиында Алматы қаласы ғана емес оның айналасындағы қалалар мен ауылдарды дамыту жайы кеңінен талқыланды. Қаланың жасыл-желегін көбейту, жарықтандыру сынды қарапайым мәселелерге дейін сөз болды. Тоқсан тарау мәселе талқыланған отырыста Мемлекет басшысы барлық міндетті сапалы орындауды тапсырды. Ал оны жіті қадағалауды Президент әкімшілігіне жүктеді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу