Алматыда балаларды ұрған тәрбиешіге қатысты іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда балаларды ұрған тәрбиешіге қатысты іс қозғалды

24.10.2018

Балабақшада тәрбиеленетін балаларды сабайтын тәрбиеші бар дегенге сенесіз бе? Иә, бұған дейін мұндай сыбыс болғанымен, қолмен ұстап, көзбен көрмегеннен кейін көңіл шіркін сенбейтін еді. Әйтсе де, Алматыдағы №140 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиешілер балаларды ұрып-соққан. Мұны белсенді ата-аналар анықтады. Себебі, балаларының үсті-басы көкала торғайдай көгеріп, қызарып келеді екен. Алайда, мұны ата-аналар ескерткенімен, балабақша ұжымы мойындамай келген. Бірақ, өтірік өрге баспайтыны секілді, жамандықты жасырып қалу қиын.

Балабақшаның ішіне орнатылған камераға түсіп қалған көріністер көрген адамның жүрегін ауыртады. Ал, балаларын осы балабақшаға әкелетін ата-аналар бейнетаспадағы сұмдық оқиғаны көргенде естерінен тана жаздапты.  

Анар Нұрсұлтанқызы, қала тұрғыны:

- Біздің балаларымызды балабақшада тәрбиешілер ұрады. Мұны балалар жасырып келген. Қызымның психикасында өзгерістің бар екенін байқап жүргенмін. Видеодан көргенде жүрегім ауырды.  

Ата-аналар шағымы балабақшаның өндірістік жиынында қаралып, педагогикалық этиканы бұзып,  дөрекілік көрсеткен Перизат Аязбекова 10 қазанында жұмыстан босатылған. Ал, қалалық Ішкі істер департаменті оқиғаға қатысты іс қозғады. 

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

- Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелген болатын. Қазіргі таңда осы іске қатысушы барлық тұлғалар айқындалу үстінде әр кінәлі адамның кінәсінің деңгейі толығымен анықталып, істің материалдары міндетті түрде сотқа жіберілетін болады.   

Бұл жағдай туралы бізге балалардан сұрап білуге мүмкіндік болмады. Дегенмен, бейнетіркегіштегі видео арқылы, ата-аналардан сұрау және қызметкерлерден сұрау арқылы білім мекемесінде басқа да заңсыздықтың, басқа да бассыздықтың болып жатқанын анықтадық. 

Баланы нұқып тұрған Айгерім балалардың денсаулығына жауапты медбике. Ол да реті келгенде бейшара балаларға қолын ала жүгіретін көрінеді.

Мекеме қызметкерлерінің баланы алақанына салып аялаудың орнына жұдырығын ала жүгірген дөрекілігі ата-аналардың ашуын туғызған. 

Сәкен Бәшімов, қала тұрғыны:

- Менің ұлым мені ешкім ұрмайды дейді. Неге сен осылай айтасың десек, «егер айтатын болсаңдар, өздеріңді сосын келіп тағы ұрамыз деп айтты», дейді. Менің ойымша, бұл бір түрме болып кеткен сияқты.

Бұл мәселеге қатысты қалалық Білім басқармасы жазбаша жауап берді. Басқарманың 24 қазандағы №105 бұйрығы бойынша балабақша меңгерушісі қызметінен босатылған. Дегенмен, ата-аналар балаларына қол көтерген басқа да қызметкерлер тиісті жазасын алмайынша, арыздануды тоқтатпайтынын айтты.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу