Алматы облысындағы Көксу қант зауыты модернизациядан өтіп, алғаш рет қамыстан қант өндіре бастады. Бұған дейін кәсіпорын шекерді қант қызылшасынан алатын. Бұл зауыттың жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Сәйкесінше жұмыс өнімділігі артып, ел нарығына ұсынылатын қант көлемі де еселенбек. Ал шикізат Бразилия мен Мексика елдерінен тасымалданады.
Қызылшаға қарағанда қамыстан қант өндіруде аса бір айырмашылық жоқ. Жартылай дайын шикізат жоғары температурамен шырынға айналады. Арнайы центрафугалар арқылы қант сүзіліп алынып, ағартылады. Түсінде де, дәмінде де ешқандай өзгешелік жоқ. Басты ерекшелігі оның өнімділігінде.
Алтынбек Абатов, қант зауытының директоры:Шығу өнімі қызылшада 12 пайыз болатын болса, мында шамамен 99 пайыз өнім шығады. Шикізаттың өзінен.
Зауыттың жаңа өндірісіне 400-дей жұмысшы қуанды. Егер қант қызылшасын өндіру кезінде небәрі төрт ай жұмыс істесе, енді жыл бойы еңбек етіп, жалақы алады. Солардың қатарында 13 жылдық еңбек өтілі бар зертхана қызметкері Жазира Дүспекова да бар.
Жазира Дүспекова, зертхана қызметкері:Арасында ол кезде басқа жақтан жұмыс іздеп кететінбіз. Енді үзілмейді. Өте ризамыз жұмысымыздың тоқтамай жалғасып жатқанына.
Кәсіпорын соңғы 4-5 жылда жұмыстың 80 пайызын автоматтандырды. Мемлекет қолдауының арқасында жанармайдан көгілдір отынға ауысты. Сәйкесінше шығын азайып, экологиялық талаптар сақтала бастады.
Азат Шарипов, жұмысшы:Жаңадан кірген кезде ескі насостар болған. Қазір 3-4 жыл болды, Австралиядан насостар келіп, сонымен жұмыс жасап жатырмыз.
Екі түрлі шикізатты қосқанда зауыт бір жылда 60 мың тонна таза қант шығара алатын мүмкіндікке ие болды. Десе де, Алматы облысы елге қажет қанттың әзірге небәрі 15 пайызын өндіреді.
Қуаныш Қанатұлы