Жезқазғанда 45 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда 45 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін

15.03.2021

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында тұратын 45 отбасы 25 жылдан бері баспаналарын жекешелендіре алмай келеді. Базыналарын айтып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ. Жергілікті билік өкілдері жалдамалы үйді меншікке беру заңға қайшы,-дейді. Ол үшін әуелі құжаттарын реттеу керек.

Дәулет пен Айнұрдың ата-анасы жергілікті кен өндіру компаниясында ұзақ уақыт еңбек еткен. 20 жыл бойы осы пәтерде тұрыпты. Жуырда екеуі де өмірден өтіпті. Енді балалары қайда барарын білмейді. Әке-шешесі көзі тірісінде қаншама құжат жинап өткізгенмен, баспананы жекешелендіре алмапты.

Дәулет Бексыздықов, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Қорқыныш болады ғой енді баспана болмағаннан кейін, өзіңдікі болмағаннан кейін.

Бес қабатты үйде тұрып жатқан 45 отбасының барлығының басындағы жағдай осы. Баспаналарын басыбайлы меншіктей алмай келеді. Әу баста бұл ғимарат жатақхана болған. 1992 жылы кен өндіру компаниясына өтіп, олар қарамағындағы жұмыскерлерге үлестіріп берген. Бірақ баспана республикалық меншікте болғандықтан жекенің қолына өткізу заңға қайшы. Сондықтан ең әуелі ғимаратты коммуналдық меншікке алу керек. Осыған орай жуырда жергілікті әкімшілік мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне хат жолдаған.

Ербол Құсайынов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
Мемлекеттік мүлік болғандықтан бұны бірінші кезекте біз коммуналдық меншікке ауыстыруымыз керек. Әрі қарай жергілікті атқарушы органның тұрғын үй комиссиясымен бірге жекешелендіру мәселесін қарастыратын боламыз. Тағы бір жолын қарастыратын боламыз. «Қазақмыс» өз атына алатын болса жекеменшікке онда кедергісіз тұрып жатқан тұрғындарға бере алады.

Бірақ бұл жерде тағы бір кедергі бар. Егер үй коммуналдық меншікке өтсе, заң бойынша баспана үшін әкімдікте кезекте тұрған өзге тұрғындарға берілуі керек.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Ал ғимаратты аукционға қойса, «Қазақмыс» емес басқа компания қатысып, жеңіп алу қаупі бар. Онда тұрғындарға үйді босатудан басқа амал қалмайды. Сондықтан әзірге мәселенің түйіні шешілмей тұр.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу