Қоянды ауылына өзге өңірлерден қоныс аударғандардың қатары көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоянды ауылына өзге өңірлерден қоныс аударғандардың қатары көбейді

15.03.2021

Қарағанды облысындағы Қоянды ауылына жергілікті атымтай жомарт азаматтың арқасында өзге өңірлерден қоныс аударғандардың қатары көбейді. Соның арқасында тұрғындар жабылудың алдында тұрған жалғыз мектепті сақтап қалды. Тіршілігі қайта түлеген елді мекенге жуырда Шымкенттен тағы бірнеше отбасы көшіп келді.

Бұл жолы ауылға үш бірдей отбасы көшіп келді. Мал өсіремін, еңбек етемін деген ниетпен қоныс аударған жанұяларға бірден тегін баспана берілді. Алдағы уақытта тұрмыстарын түзеп алуы үшін өзге де әлеуметтік көмектер көрсетіледі.

Бауыржан Мәмбетәлиев, Қоянды ауылының тұрғыны:
Үйді өзіміздің атымызға жеке меншікке беріп отыр. Ол үлкен көмек. Шаруашылықпен айналысамыз деп келдік. Халқы өте қонақжайлы, жақсы қарсы алды құшақ жая.

Жергілікті мектептегі шәкірттер қатары да тағы 4 оқушыға толықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын бала саны жетпеген соң, білім ошағы жабылып қала жаздады. Кәсіпкер Нұрлан Қалтаевтың көмегімен өзге өңірлерден біраз жанұя көшіп келген соң, бала саны артты. Қазір 100-ден аса оқушы бар. Соның арқасында мектеп орта білім мәртебесін сақтап қалды. Бұған қоса жетімдер үйінің тәрбиеленушілері үшін 4 бірдей отбасылық балалар үйі салынды.

Нұрлан Қалтаев,кәсіпкер:
Мынау қазіргі тұрғанымыз бұл 5-ші балалар үйі. Қазір 4-еуі жұмыс істеп жатыр. Осы көктемде, мамыр айында бұл үйге 11 бала қоныстануы керек. Тағыда біраз үйлер бұрыннан біз сатып алып қалғанбыз. Бұзғызбай, сол босап тұрған үйлер бар. Келемін деген адамдар болса.

Қазір ауылда 500-ге жуық түтін бар. Ал бұған дейін Қоянды ауылына қоныс аударған азаматтар қазір ауқатты тұрып жатыр. Солардың бірі Бейбіт Жұманов мемлекеттік бағдарлама арқылы оқып, несие қаражатына қол жеткізген. Қазір жеке шаруа қожалықтың иесі.

Бейбіт Жұманов, Қоянды ауылының тұрғыны:
Қойым оншақты.Сиырдан 20 бас бар. Жылқым бар 10 бас. Қояндының жері мал шаруашылығына өте қолайлы.

Жағдайы жақсарған соң Бейбіттің өзі де жұбайы екеуі 5 баланы қамқорына алыпты. Жалпы бұл ауылда патронатты отбасылар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осылайша атақты Қоянды жәрмеңкесі өткен тарихи ауылдың да тіршілігі қайта түледі.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу