«Спутник V» вакцинасын егу жалғасып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Гам-Ковид-Вакты 3 мыңнан аса медицина қызметкерлері мен 900-ге жуық білім беру саласының мамандары өз еркімен салдырды. Бәрінің жағдайы қалыпты, арыз-шағымы жоқ. Бүгін қалалық №2 емханада дәл осы вакцинаны санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев та қабылдады. Егу бөлмесінде санитарлық талаптар қатаң сақталған. Вакцина салдыруға келген азаматтар толық тексерістен өтіп, екпеден кейін 3 тәулік бойы дәрігердің бақылауында болады.
Ержан Байтанаев, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:Жаңа ғана 5 минут бұрын вакцина қабылдадым. Ешқандай ауырсыну болған жоқ. Өзімді жақсы сезініп отырмын. Халықтың кем дегенде 60%-ы вакцина қабылдаса бұл індетті жеңіп шығамыз. Сондықтан екпе вирусқа қарсы ең тиімді тәсіл.
Ал Атырауда соңғы үш күнде білім саласының 400-ден астам қызметкері коронавирусқа қарсы екпе алды. Тағы 735 мұғалім вакцинаға ерікті түрде келісім берген. Бұл көрсеткіш күн санап артуда.
Жақын күндері Алматы облысында тәртіп сақшылары да вакцина қабылдай бастайды. Қазір облысқа 9900 доза вакцина жеткізілген. 27 медициналық ұйымда вакциналарды сақтайтын арнайы мұздатқыш бар. Сондай-ақ екпені тасымалдауға арналған 104 термоконтейнер дайындалды.
Ақниет Балтанова