Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар тұрғылықты жерінде 6 ай тіркелгенін құжат жүзінде растауы керек. Ал олардың көбінің баспанасы жоқ, сәйкесінше ұзақ мерзімде тіркеуде тұруға мүмкіндігі де жоқ. Осылай деген Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова көмекке мұқтаж тұрғындардың мәселесін шешудің жолын ұсынды.
4 баламен пәтер жалдап тұратын Жұмагүл талай жылдан бері тұрақты тіркеуге тұра алмай келеді.Уақытша тіркеудегі үйдің иесіне де ақша төлеуге мәжбүр. Ал мекен-жай құжатын рәсімдемесе, үй кезегінен де, атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақыдан да қағылады.
Жұмагүл Срайлова, көпбалалы ана:Мекен-жайда тұрақтылықты сұрайды. Пәтер иесі тұрғызбайды бізді. Сосын мен басқа кісінің үйіне тұрғам. Коммуналдық төлемдерін төлеп берем. Кейде болмай қалған кезде ол айтады шығарып жіберем дейді. Сол қорыққаныңнан төлейсің, балалардың тамағынан жырып, жеткізіп, төлейміз соны.
Жұмагүл сынды шын мұқтаж, алайда тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндігі жоқ көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар көп.
Бұл жағдай әсіресе Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметоваға жақсы таныс.
Әлия Әбсеметова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Мен өзім көпбалалы ана болғандықтан, медиаволонтер болғандықтан осы мәселелерді көп көтеретін едім. Өзім де үгіт-насихат кезінде көпбалалар аналардың, мүгедек балалары бар аналардың аманатын алып, осы мәселелерді көтеруге уәде берген болатынмын.
Депутат көмекке мұқтаж жанұяларды Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты және уақытша тіркеуге тұрғызуды ұсынды. Бұл әлеуметтік көмек пен мемлекеттен берілетін жәрдемақыны қолжетімді әрі тиімді етуге сеп болар еді дейді
Әлия Әбсеметова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Үйі жоқ болғандықтан, таныстарына, туыстарына, тіпті бөтен адамдарға жүгініп, ай сайын ақша төлеп тіркелуге мәжбүр болады. Олар өз үйі болмағандықтан, тұрғылықты жерін де жиі ауыстырады. Ал, түрлі себептермен тіркеуден шығып, басқа мекен-жай бойынша тіркелгенде әлеуметтік көмектен 6 айға қағылады.
Ал жауапты орган өкілі Халыққа қызмет көрсету орталығы әкімшілік мекеме болғандықтан тұрғылықты мекен-жай ретінде тіркейтін ғимаратқа жатпайды дейді. Көпбалалы аналарға 2019 жылы бюджеттен 32 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 8 есеге артып, 236 млрд теңгеге жетті. Яғни біз қолдан келгенше қажетті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз деп мәлімдеді.
Асқар Ниязов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:Көші-қон заңнамасына сәйкес, әрбір азамат тұрғылықты, ол болмаса уақытша мекен-жай бойынша тіркелуге міндетті. Енді АЕК тағайындау үшін, біз бір заңды орындау үшін екінші заңды бұза алмаймыз. АЕК жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат болғандықтан, жергілікті бюджет әр өңірдің өзінің азаматын қамтуға бағытталған. Осы себептен жаңағыдай шарт қойылды. 6 айлық көлемде деген.
Депутаттық сауалға 30 күн ішінде ресми жауап беріледі. Мәжіліс депутаты ұсынысымды қанағаттандырмаса, мәселені шешудің өзге де жолын қарастырамын деп бекініп отыр.
Ақниет Балтанова