Елімізде шанақ нөмірі арқылы көліктің дәлме-дәл көшірмесін жасайтын алаяқтар көбейген. Оңай олжаға құныққан пысықайлар қарапайым халықты сан соқтырып келеді. Бұл көлік ұрлығының көбеюімен тікелей байланысты. Кез келген темір тұлпардың көшірмесін жасайтын әккі алаяқтардан қалай сақтануға болады? Дарын Сағитов тарқатады.
Қолды болған көліктер көбіне көрші Ресейден әкелінеді екен. Полиция өкілдерінің дерегінше бас қаланың өзінде былтыр осындай 4, биыл 2 факт тіркелген. Яғни, дәл осындай көліктің елімізде бар екені машинаны тіркеуге қоярда немесе айыппұл төлер кезде ғана анықталады.
Данияр Оралов, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:Сот-трассалогиялық немесе арнайы техникалық сот сараптамасы тағайындалады. Ол сот шешімімен қарастырылатын дүние.
Көлік құны арзан емес. Біреулер оны алу үшін жылдап ақша жинайды. Енді бірі банктерден несие алады. Ал ұрлық тыйылар емес. Мәселен, кейінгі 15 жылда елімізде 40 мыңнан астам көлік қолды болған. Оның тек 26 мыңдайы ғана табылып, иелеріне қайтарылды. Ал 14 мыңнан астамы із-түзсіз кетті.
2005-2020 жж.
Ұрланған - 40 303
Иесіне қайтарылған – 26 079
Табылмаған – 14 224
Олардың арасында шанақ нөмірі арқылы қанша көшірме жасалды? Дөп басып айту қиын. Бұл мәселені мәжілісмендер де жиі көтеріп жүр.
Құдайберген Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Адал сатып алушы 3-ші, 4-ші егесі болуы мүмкін. Көлікті одан тартып алған жағдайда біз адал сатып алушыны, өзіміздің азаматымызды кінәсіз кінәлап, отбасын шығынға батырып жатамыз. Міне, осы сауалдарды біз қазір талқылап жатырмыз. Министрліктің, Үкіметтің алдына осы мәселелерді қойдық.
Төменгі палата депутаттары жыл басында ТМД елдерінде көлік жымқыруға қарсы күрес және оларды қайтаруға қатысты құжатты мақұлдаған болатын.
Демек мұндай қылмыстарды ашу және көлікті иесіне қайтару жұмыстары ширай түсуі мүмкін. Дегенмен, полиция өкілдері көлік сатып алғанда абай болған жөн деп отыр.
Нұржан Әділов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:90 пайыз жағдайда көшірмесі ұқсас автокөліктерді сенім хат арқылы сатады. Оған мұқият болу керек. Олар нарықтағы құннан әлдеқайда төмен болып келеді. Шанақ нөмірін тексеру керек.
Көліктің көшірмесі шықса полиция оның мемлкеттік нөмірі мен құжатын алып қояды. Ал темір тұлпар сатып алған азаматта қалады. Айта кету керек, елімізде көлік көшірмесін жасағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Дарын Сағитов