Семейде алтын рудасын ұрлаумен айналысқандар құрықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде алтын рудасын ұрлаумен айналысқандар құрықталды

11.03.2021

Бүгін Семейде алтын рудасын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Мұндай ақпарат әлеуметтік желілерде тарап кетті. Бұған қатысты ІІМ ресми ақпарат беруге әлі дайын емес екендіктерін мәлімдеді. Өйткені шулы іспен басқа да құқық қорғау органдары бірлесе шұғылданып жатқан көрінеді.

Ержан Жақып, тілші:
Таңертеңнен бері әлеуметтік желілерде, әсіресе WhatsApp желісі арқылы ақпараттың тарап жатқаны рас. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, «Алел» қаржы инвестициялық компаниясына қарасты кен орнынан, біраздан бері түсті металл рудасын заңсыз ұрлап келген топ қолға түскен. Олар ай сайын 20 келіден астам алтын рудасын, ақшаға шаққанда 400 млн теңгеге бағаланатын кенді қолды қылған.
Жергілікті полиция басқармасы мен облыстық прокуратураға хабарласқанымызбен, олар да ресми ақпарат беруге дайын емес. Оған себеп бар сияқты. Өйткені, бейресми мәліметке сүйенетін болсақ, шулы іске қаладағы полицияның бірқатар лауазымды қызметкерлері, бөлім бастықтарының қатысы болуы мүмкін. Желіде тараған ақпаратта олардың аты-жөндеріне дейін жарияланып, кейбірінің фотосуреттері көрсетілген. Осыған байланысты Нұр-Сұлтаннан 150 адамнан құралған жедел топ келген. Олар қалада 11 мекен-жай бойынша тінту жұмыстарын жүргізді деген мәлімет бар. Тағы қайталап айта кетейін. Бұл мәліметтердің барлығы әзірге бейресми. Сондықтан құзырлы органдардан нақты мәлімет күтеміз.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу