Еліміздің оңтүстігінде оқушылар мен ұстаздардың коронавирус жұқтыру дерегі жиілеген. Бүгінде Шымкент қаласында төрт мектеп карантинге жабылды. Ал Сыр өңірі мен Қостанайда шектеу шаралары жеңілдетілді.
Шымкентте індет анықталған мектептердің үшеуі - мемлекеттік, төртіншісі - жекеменшік білім ұясы. Қазір ғимараттарда дезинфекциялау жұмыстары аяқталды. Жеке мектептің карантин мерзімі аяқталып, ертеңнен бастап сабағын дәстүрлі форматта қайта жалғастырады. Ал үш оқу ордасы екі аптаға дейін онлайн оқиды. Жалпы коронавирус тарағалы шымкенттік 95 оқушы кесел жұқтырған.
Ал Қызылордада жанкүйерлер араға бір жыл салып стадионға қайта оралатын болды. Футбол сүйер қауым алдағы жексенбіде өтетін Қазақстан чемпионаты аясындағы «Қайсар» мен «Тараз» командаларының бәсекесін трибунадан тамашалайды. Бүгінде өңір коронавирус картасы бойынша «жасыл» аймақта. Осыған сәйкес, спорттық шаралар кезінде көрермендерді кіргізуге рұқсат берілді.
Қостанайда бүгіннен бастап 1-5-ші сыныптар аралас оқыту форматына көшті. Сонымен қатар, ойын-сауық өткізетін аумақтарын қоспағанда, сауда орталықтары аптаның барлық күнінде шектеусіз жұмыс істейтін болды. Алдағы демалыста 20 пайыз ғана көрермен жинап, спорттық шаралар өткізуге рұқсат берілді.
Әділбек Серікұлы