Сыр өңірінде тұрғындарға коронавирус жұқтырмағаны жөнінде жалған анықтама сатылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде тұрғындарға коронавирус жұқтырмағаны жөнінде жалған анықтама сатылған

05.03.2021

Сыр өңірінде екі медицина қызметкері тұрғындарға коронавирус жұқтырмағаны жөнінде жалған анықтама сатып келген. Олар теріс нәтиже көрсетілген ПЦР сынаманы 7 мың теңгеге саудалаған. 

Денсаулық саласындағы заңсыз әрекетті облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің жедел тобы әшкереледі. Жалған анықтама жасап келген екі азаматша екі бөлек медициналық ұйымның қызметкері. Бірақ, олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып, ұйымдасқан түрде жалған анықтама жасаумен айналысқан. Күдіктілердің кабинеттерін тексеру барысында тұрғындардың ПЦР тесттен өткендігі туралы 60 жалған құжат табылды. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде.

Сұлтан Пірметов, облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары: 
Тергеу барысында осы екі азаматшадан тәркіленген заттар 37 мөр. Әртүрлі дәрігерлер бар. Тергеу барысында неше адамның бұл іс-әрекетке қатысы барын анықтаймыз. 

Павлодар облысына кірмек болған 4 шетелдік шекарадан кері қайтарылды. Олардың ПТР анықтамалары болмаған. Сондай-ақ, вирус жұқтыруы ықтимал деген күдікпен 13-і карантиндік стационарға жатқызылды. Жыл басынан бері шет елден келген 142 адамнан коронавирус анықталды. 

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу