Агрожобаларды қаржыландыруға бөлінген 70 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агрожобаларды қаржыландыруға бөлінген 70 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін - депутат

03.03.2021
Агрожобаларды қаржыландыруға бөлінген 70 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін - депутат

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғалым Әміреев агроөнеркәсіптік кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру мәселесін қозғап, Үкіметке сауал жолдады.

«Қарапайым заттар экономикасы» аясында агроөнеркәсіптік кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеу жобаларын қаржыландыруға 1 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражат - агроөнеркәсіптік кешеніндегі өңдеу мен өндіру және өңдеу өнеркәсібі бағыттары бойынша басым жобаларды қаржыландыруға бағытталып отыр.  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруға алғашында тек екінші деңгейлі банктер жіберілген еді. Бірақ аталған банктер ауылдағы жобаларды қаржыландыруға деген ынтасының төмендігімен қатар, ондағы үй-жайларды кепіл мүлік ретінде қабылдамайтындығы өздеріңізге белгілі. 

Осы жағдайды еске отырып, Аграрлық несие корпорациясы бағдарламаны іске асыруға енгізіліп, агроөнеркәсіптік кешеніндегі жобаларды несиелендіруге 100 млрд теңге бөлінді.  Өткен жазда Ұлттық банктің ұсынысы бойынша аталған бағдарламаға енгізілген түзетулердің 6-пакеті аясында Аграрлық несие корпорациясының лимиті тағы да 70 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Алайда Аграрлық несие корпорациясынан қаражат алу үшін үкіметтің кепілдігі қажет», деді депутат.

2020 жылдың қазан айында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Р.В.Склярдың төрағалығымен өткен Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық кеңестің отырысында «ҚазАгро» осы мемлекеттік кепілдік алу процедурасы 6 айдан бір жылға дейін созылатынын мәлімдеген болатын. Депутаттың айтуынша, содан бері 6 ай өткенімен, ешбір өзгеріс жасалмай, мемлекеттік кепілдікті алу рәсімдері әлі күнге бастапқы кезеңде тұр.

«Бағдарламаның үстіміздегі жылы аяқталатынын ескерсек, бөлінген 70 млрд теңге қаражат игерілмей қалуы мүмкін. Ал шаруа қожалықтарының бұл қаражатты күтетін уақыттары жоқ және жоғары пайызбен несие алу оларға тиімсіз», - деді Әміреев. 
Мәжіліс депутаттық сауал

Хабарламаларға жазылу