Көкпектіде кәсіпкерлік көш бастап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкпектіде кәсіпкерлік көш бастап тұр

02.03.2021

Шығыс Қазақстандағы Көкпекті ауданы кәсіпкерлік саласы көш бастап тұр. Тәуелсіздік алған жылдары өңірде өз ісін бастауға бел буғандар саусақпен санарлықтай ғана еді. Қазір аудан тұрғындары денінің күнкөрісі бизнеспен байланысты. Аудандағы өнеркәсіптер алыс-жақын шет елдермен экономикалық қарым-қатынасты нығайтқан.

Көкпектіде көркейген кәсіпорынның бірі - балық өнімдерін дайындайтын өндіріс. Мұнда Зайсан пен Ертістен ауланатын көксерке, шортан мен тұқыдан түрлі өнім жасалады. Экологиялық таза өзен балығының адам денсаулығына пайдасы мол. Сондықтан сапасы жоғары сүбе еттеріне ішкі нарықтан бөлек Еуропадан сұраныс артып тұр.

Лариса Еременко, өндіріс технологы:
Еуропа елдерінен сұраныс өте жоғары. Дания, Германия, Голландия мен Францияға жібереміз. Тәулігіне 3,5 тоннаға дейін дайын өнім жасап шығарымыз. Сүбе еттен бөлек өнім түрлері де көп.

Көкпектілік балық зауыты өнімдерін Еуропаға саудалап отырса, «Өрнек» ЖШС-і Германиядан жақында 200-ге жуық сүтті сементал сиырларын сатып әкелді. Тәуелсіздік алған жылдары құрылған шаруашылық қазір шығыс өңірде сүт өндіретін ең ірілерінің бірі. Жылына 1,5 мың тонна ақ дайындайтын серіктестік биылдан бастап межені 3 мың тоннаға жеткізбек.

Ержан Қойгелдин, ЖШС директоры:
Алғаш бастағанда бізде бар-жоғы 500 сиыр болған. Енді оны қарық қылып сауған да жоқпыз. Малды сақтау керек болды. Техникамыз да қымбат болды. Қазір барлығы 1200 бас. 650 бас сауылады-деп отырмыз.

Көкпекті ауданында кәсіптің өзге түрлерінен де көрсеткіш жоғары. Ауданда 1900 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Жергілікті халықтың дені осы салада жұмыспен қамтылған.

Мерей Смағұлов, Көкпекті аудандық бизнес және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы:
Даму жағынан өнеркәсіп саласы ауданымыз облыс бойынша алдыңғы қатарларда. Аудан халқының 5 мыңға жуығы кәсіпкерлік және шаруа қожалықтарының қатарында жұмыс істейді.

Келер жылы ауданда ірі кен орны де іске қосылмақ. Туризмді дамытуға да табиғаты қолайлы болғандықтан, ірі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу