Шымкенттегі мекемелер жылу мен газ үшін 163 млн теңге артық ақша алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі мекемелер жылу мен газ үшін 163 млн теңге артық ақша алған

23.02.2021

Шымкент қаласының едәуір бөлігін жылумен қамтасыз ететін «3-Қуат жылу орталығы» мен «ҚазтрансгазАймақ» мекемесі жылдар бойына жұрттан заңсыз ақша жиып келген. Жылу тарату мекемесі тек кейінгі үш айдың өзінде тұрғындардан 3 миллион теңгеден астам қаржыны артық алған. Ал газ тарату мекемесінің көлеңкелі табысы 5 жыл бойына жалғасқан.

Сапар Қасымовтың «ҚазтрансгазАймақ» мекемесімен соттасып жүргеніне үшінші жылға аяқ басты. Тұтынған газы үшін ақша төлеген түбіртегі бола тұра монополист еселеп айыппұл салған. Онымен қоймай газдан ажыратып кеткен.

Сапар Қасымов, Шымкент қаласының тұрғыны:
Жалпы айтқанда «Газаймақ» менен дәл қазір 300 мың теңге артық ақша алып отыр. Жаламен алып отыр. Менде барлық құжат бар. Көрсете аламын.

Бұл бір ғана жағдай емес. Монополияларды реттеу департаментінің тексерісі кезінде «ҚазтрансгазАймақ» мекемесінің 36 мың абоненттен артық ақша алғаны белгілі болды. Жаңа үйлерді газ желісіне қосу, пломба салу, құбыр тесу секілді жұмыстар үшін әр абонентке 10-12 мың теңге көлемінде төлем жасатқан.

Дархан Қайынбердиев, Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
Олар келіспей сотқа берді. Сотта ол мәселе қаралып кеше ғана шешім шықты 5 жыл бойы алған 160 млн теңгені тұтынушыларға қайтаруы керек деген.

«ҚазтрансгазАймақ»» өз әрекеттерінің заңға негізделгенін сот алдында тағы бір дәлелдеп көрмек. Сондай-ақ абоненттерге қайтарылуы тиіс сома анағұрлым аз болуы керек деп санайды. Бірақ соған қармастан монополист абоненттерге артық ақшаны қайтарып беруге әзір. Бірақ оны әзірге қалай таратудың жолын таба алмай отыр.

Бауыржан Сәтмағанбетов, «ҚазтрансгазАймақ»» АҚ Шымкент өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары:
Механизм жоқ. Біз қалай қайтаруды білмей жатырмыз.

Сондай-ақ осы қыста шаһардағы 110 көпқабатты үйдің тұрғындары мардымсыз жылу үшін қыруар ақша төлеген. Монополист бұл баспаналарда жылу есептегіш қондырғысы орнатылғанын біле тұра әдейі жоғары тарифпен есеп жүргізген. Осы әрекеті үшін «3-Қуатжылу орталығына» айыппұл салынды. Енді орталық әр отбасыға 16-17 мың теңгеден берешегін қайтаруы тиіс.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу