Ақмола облысында жол апатынан 4 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында жол апатынан 4 адам көз жұмды

19.02.2021

Ақтүтек боранда көліктерге жол көрсетіп жаяу жүгірген қостанайлық полиция қызметкері көпшіліктің алғысына бөленді. Патрульдік полиция лейтенанты Амантай Байжанов былтыр да әріптесімен бірге 15 адамды өрттен құтқарып, марапатталған.

Амантай Байжанов сол күні серіктесімен бірге қала сыртындағы жол апаты болған жерге барған. Қайтарда боран күшейіп, бағытты айқындау қиындаған. Сондықтан ол жедел шешім қабылдап оннан астам көліктің алдына түсіп екі шақырымдай жаяу жүгіріпті. Сөйтіп көліктердің абайсызда жолдан шығып, тосын жағдайға ұрынбай қала ішіне кіруіне себепші болды. Амантай Байжанов ішкі істер саласында жеті жылдан бері қызмет етіп келеді. Әйелі, бір баласы бар.

Амантай Байжанов, қалалық полиция басқармасының полиция лейтенанты:
Менің кезекшілігім кеше таңғы сегізден кешкі сегізге дейін болды. Жаяу жол көрсетіп колоннаны қалаға кіргізген соң да жұмысымызды жалғастырдық. Қала ішінде көлігі қарға батқан бірнеше көлік иесіне көмектестік. Қандай жағдайда да азаматтарды қорғау, көмектесу – біздің басты міндетіміз.

Жалпы Қостанай облысында боранның салдарынан 31 жол апаты болды. Адамдар зардап шекпеген. Ал Ақмола облысында қолайсыз ауа райының салдарынан 15 жол-көлік оқиғасы болып, 4 адам көз жұмды. Түрлі дене жарақатын алып, ауруханада ауыр халде жатқандар да бар.

Павлодарлық құтқарушылар жүк көлігімен қар құрсауында қалған Украина азаматын құтқарды. Семейге бет алған ол Аққулы ауданы аумағына жеткенде боран басталып, көлігі қарға батып, қозғалтқышы от алмай қалған.

Александр Кравченко, Украина азаматы:
Көлігім қардан көрінбей қалды. Сол сәтте көктем шыққанға дейін қалады-ау деген қорқынышты ой келді. Бірақ құтқарушылар келіп көмектесті. Тіпті, Семейге апаратын негізгі магистральге дейін шығарып салды. Алғысым шексіз.

Солтүстік Қазақстан облысында 94 адам қар құрсауынан құтқарылды, оның 9-ы бала. Батып қалған 34 автокөлік шығарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Сондай-ақ, Есіл ауданында мал қарауға шығып, адасқан 19 жасар жігіт пен 7-дегі баланы және Тайынш ауданында жол таппай қалған балықшыны полицейлер іздеп тауып, аман-есен үйлеріне жеткізді. Бұған қоса, Ақжар және Тайынша аудандарында 400-ден астам үй жарықсыз қалған.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу