Қызылорда облысы Жаңатұрмыс ауылына жаңа мектеп қажет. Елді мекендегі білім ұясы асар әдісімен сонау 1960 жылдары салынған. Ескі ғимарат өте тар. Кабинет жетіспегендіктен оқушылар қуықтай сыныптарда сығылысып білім алуда.
Далада асыр салып ойнап жүрген оқушылар дене шынықтыру пәнін қысы-жазы осылай мектеп ауласында өткізеді. Күн суытса ғимарат дәлізінде шахмат, дойбы ойнаумен шектеледі. Мұнда балаларға заман талабына сай білім беруге ешқандай мүмкіндік жоқ дейді ұстаздар.
Мұрат Көпешбай, №207 мектептің директоры:Бұл мектепте көптеген проблемалар бар. Оқушылар бөлініп оқуға. Сынып саны жетіспейді. Мысалы, асхананың жоқтығы, спорт зал жоқ.
Жарты ғасыр болған білім ордасы ескіріп, іргетасы әбден мүжілген. Жыл өткен сайын шөгіп, тозып бара жатқан көне мектепте 250-ге жуық бала оқиды. Қазір бір кабинетті екіге бөліп, оқушылар әзер сыйып отыр. Ал ауылда халық саны артып келеді. Осы мәселені көтерген тұрғындар жергілікті биліктен елді мекенге жаңа мектеп салып беруді сұрайды.
Ергеш Бекпенбетов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:Бұл мектеп менің бала кезімде асармен соғылған мектеп болатын. Қазіргі заман талабына сай келмейді. Мұнда спорттық комплекс жоқ. Біз де жақсы мектепте балаларымызды оқытсақ деп армандап жүрміз.
Аудан әкімдігі Жаңатұрмыстағы мектептің жай-күйінен хабардар. Былтыр тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген, жоба дайын, бірақ бөлінген қаражат жоқ.
Алмасбек Есмаханов, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары:Жаңатұрмыс ауылдық округіне 250 орындық жаңа мектеп салу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар және мемлекеттік сараптамалық қорытындысы алынып, осы құрылыс жұмыстарына қаражат бөліну үшін бюджетке өтінім берілді.
Жалпы биыл өңірде жаңадан 7 мектеп бой көтереді деп жоспарланған. Бірақ, бұл тізімге Жаңатұрмыс ауылы енбеген.
Әділбек Серікұлы